Ақмолада өндірістік нысандар іске қосылып, көпбалалы отбасылар баспаналы болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік мерекесіне орай Ақмола облысында бірқатар өндіріс орындары және тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Мәселен, Ақкөл ауданының Қарасай ауылдық округында «Akkol beef» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылды. Бұл жобаның жалпы құны - 320 миллион теңге. Ет өндіру бағытында қазақтың ақбас сиырын өсіруді қолға алған кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 100 бас ірі қараны құрайды. Бастапқыда мұнда 5 адам еңбек етсе, толық қуатына шыққан кезде жұмысшы санын 10-ға дейін жеткізу жоспарда бар.

Жаңа нысанның ашылуына Ақкөл ауданының әкімі Алпысбай Қайыржанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Мұндай фермалар ауылдағы жаңа жұмыс орындары, кепілді жалақы мен салық, ең бастысы - ауыл өмірінің гүлденуіне септігін тигізеді. Мұнда мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жаңа технологиялар мен жабдықтар қойылған. Бұл ауданымыз және тұтас еліміздің экономикасына зор үлесін қосады. Мемлекеттің қолдауының арқасында заманауи өндіріс орындары ашылуда. Баршаңызды еліміздің ең басты мейрамы – Тәуелсіздік күнімен және ауданымыздағы жаңа ауыл шаруашылық нысанының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Ет өндірісі жоғары сапада әрі бәсекеге қабілетті болуын тілеймін», - деді аудан әкімі.

Нысанның ашылу салтанатынан кейін шараға қатысушылар ет бағытындағы ферманы аралап, жұмысымен танысты.

Тәуелсіздік мерекесі Щучинск қаласының бес отбасы үшін қос бірдей мерекеге айналды. Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев мәдениет үйінде көпбалалы отбасыларға өз қолымен көптен күткен пәтер кілтін табыс етті.

«Жаңа қоныс иелерін көптен күткен қуаныш – баспанаға қол жеткізуімен құттықтаймын. Әр отбасында береке мен бірлік болсын», – деді аудан әкімі Әсет Мұздыбаев.

Ал, Біржан сал ауданы Степняк қаласының тұрғыны Анастасия Тәукелова «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша «Eco cleaning» экологиялық құралдарымен жұмсақ жиһаздар мен кілемдерді химиялық тазарту орнын ашты. Ол «Тәукелова» жеке кәсіпкерлігінің ашылуына аталмыш бағдарлама бойынша 505 000 теңге сомасына грант алды. Жаңа өндіріс орнында кілемдер, жұмсақ жиһаздар химиялық тазартудан өткіледі, сондай-ақ, киім жуу бойынша қызмет көрсетіледі.

Бұдан бөлек, аудан әкімі Ермек Нұғымановтың қатысуымен көпбалалы отбасыларға үш пәтерлі тұрғын үйдің кілттері тапсырылды. Лаура Нұғманова, Клавдия Сакур және Нина Зыковалардың отбасы көптен күткен баспанаға ие болды.

«Біздің бірінші кезектегі міндетіміз - халықты әлеуметтік қолдау. Мұқтаж адамдарға тұрғын үй беру - біз үшін үлкен қуаныш. Қолға алынған бағдарламалар бүгінде сәтті жүзеге асырылуда. Сонымен қатар тиісті мекемелерге келіп, білікті қызметкерлердің қатарын толықтырған білім және денсаулық сақтау саласының мамандары мен кезектегі азаматтар үшін 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Мұның бәрі біздің азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр», – деді Ермек Бекенұлы.

Соңғы жаңалықтар