Ақмолада мемлекеттік қызметтегі әйелдердің 47 пайызы басшылық қызмет атқарады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында мемлекеттік қызметші әйелдердің 47,3% басшылық қызмет атқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жөнінде бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Гүлмира Евниева мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыс бойынша 3 мыңнан астам әйел мемлекеттік қызметте өз міндетін сапалы атқарып, еліміздің дамуына үлес қосып келеді. Спикер өз баяндамасында бірқатар статистикалық мәліметтерді келтірді.

« Қазіргі заманғы әйел - елдегі барлық саяси және әлеуметтік процестердің толық құқылы және белсенді қатысушысы. Гендерлік саясатқа қолдау көрсетіліп, әйелдердің қоғамның әр қызмет саласында таңдау бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 65% - әйелдер, ал дәлірек айтсақ 5171 қызметшінің 3352-сі - арулар. Бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына кіретін көптеген елдердің, мәселен Италия, Бельгия мен Испанияның ұқсас көрсеткіштерінен артық. Облыстағы мемлекеттік қызметші әйелдердің 47,3% басшылық қызмет атқарады. 2019 жылы бос лауазымдарға орналасуға арналған конкурстарға екі мыңға жуық азамат қатысты, мемлекеттік қызметке үміткерлердің 50,2% әйелдер болды. Конкурс қорытындысы бойынша тағайындалғандардың 53,6%-ын нәзік жандар құрайды » - деп атап өтті Г.Евниева.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің дамуына, олардың білімін, қабілеті мен дағдыларын арттыруға барлық жағдай жасалған, даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру институттары жұмыс істейді. Мәселен, КР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облыстық филиалы гендерлік саясат тақырыбында түрлі семинарлар ұйымдастырды.

Гендерлік саясат - қоғамның даму деңгейінің басты көрсеткіштерінің бірі. Мемлекеттік қызметтегі әйелдерді қолдаудың мықты іргетасы 2006 жылы Гендерлік саясат стратегиясын қабылдау сәтінде қаланған болатын. Осы бағыттағы саясат көптеген ұйымдардың жұмыла әрекеттесуімен жүзеге асырылуда.

« Бүгінгі күні біз Қазақстанның 2030 жылға дейінгі гендерлік саясатының тұжырымдамасын іске асырып жатырмыз. Алдағы уақытта мемлекеттік аппаратты, оның ішіндегі гендерлік саясатты дамытуға байланысты жұмыс жалғасады » - деп қорытындылады Г.Евниева.


Соңғы жаңалықтар