Ақмолада қызметінен босатылған шенеунік бұған дейін де әдепсіздік танытқан

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Әдеп кеңесінің ұйғарымы негізінде Сандықтау ауданы әкімінің өкімімен аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Мәдина Дүйсенбаева қызметінен босатылды.

Әкімдіктегілердің айтуынша, ол бұл шешімге келіспей сотқа бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәртіптік кеңестің ұйғарымы бойынша Сандықтау аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Мәдина Дүйсенбаева аудан әкімінің 13-ші шілдедегі өкімімен қызметінен босатылған болатын.

«Бұл жол берілмейтін, келеңсіз жәйт. Ол осыған дейін де аудандық мәдениет бөлімінде бас маман болып қызмет істеп жүріп әдеп нормаларын бұзғаны үшін қызметінен босатылған болатын. Кейін сот арқылы қайта жұмысқа қабылданды», - дейді Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары Гүлмар Қадырова.

Оның айтуынша, М.Дүйсенбаева жұмыс істеп жүрген уақытында облыстық және республикалық деңгейде көптеген арыздар жазды.

«Өткен жылы аудандық мәдениет бөлімінің басшысы лауазымына байқау жарияланды. Ол осы қызметке үміткер жалғыз адам болды. Комиссия оны ұсынбау қажет деп шешті. Ол сотқа шағым түсірді. Екінші рет тағы байқау жарияланды. Онда да жалғыз үміткер болғандықтан басшылық қызметке қабылданды. Осы жолы да сотқа беріп, қайта жұмысқа қабылдануға тырысатыны сөзсіз. Сондықтан, оның жұмыстан шығарылғанына қарамастан дау әлі жалғасатын болады», - деп толықтырды Гүлмар Қадырова.

Еске сала кетейік, қарамағындағы қызметкердің шағымы бойынша Мадина Дүйсенбаеваның ісі жақында Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралған болатын. Онда зардап шеккен ер адам басшыдан қорлық көргенін, тіпті, қол көтеруге барғанын да жайып салды. Әдеп комиссиясы мүшелеріне айғақ ретінде аудиожазба да ұсынды. Онда әйелдің оған бейәдеп сөздер айтып, әдеп нормалары туралы ескертуіне «Сенің әдебің кімге керек?» деп жауап қайырған.

Ал, М.Дүйсенбаева болса, аудиожазбадағы дауысты өзіне тиесілі еместігін алға тартты. Тіпті, айтылған сөздерді әдеби сөздер екенін айтып ақталмақ болды. Дегенмен, Әдеп кеңесі бірауыздан оны қызметінен босату туралы ұйғарымға келді.

Соңғы жаңалықтар