Ақмолада күдіктіні ұстау үшін алғаш рет әйелдердің арнайы жасағы тартылды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында есірткі дайындау және өткізу бойынша күдіктілер ұсталды. Күдікті әйелді полицияға жеткізу үшін алғаш рет әйелдердің арнайы жасағы тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атбасар қаласындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора – 2022» жедел алдын алу шарасы барысында гашиш майын дайындады және сатуымен айналысты деген күдікпен азаматтық некедегі ерлі-зайыптыларды ұстады.

«Анықталғандай, 38 жастағы ер адам мен оның 37 жастағы әйелі үйде қарасорадан каннабис сығындысын жасап, одан алынған препаратты сатқан. Сондай-ақ, ер адам бұрын есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстары үшін сотталып, есірткіні өзі қолданып келген», - деді ведомстводан.

Күдіктілерді ұстау кезінде олардан 4 грамнан астам гашиш майы алынды, осыған ұқсас зат ерлі-зайыптылардың мекенжайын тінту кезінде тәркіленді.

Ұсталған кезде әйел полицейлерге қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбады.

Күдіктіні ұстау және кейіннен полиция бөліміне жеткізу үшін алғаш рет әйелдерден құралған жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкерлері тартылды.

Полиция қызметкерлерінің кәсіби іс-әрекетінің арқасында күдікті ұсталды.

«Қазіргі уақытта осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 297 - бабының 3-бөлігі «есірткі құралдарын заңсыз өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Астана тұрғыны Көкшетауда есірткі затын жасыру кезінде ұсталған еді.


Соңғы жаңалықтар