Ақмолада коронавирустан жазылған 4 пациент - Қосшы ауылының тұрғындары

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында коронавирус инфекциясынан алғаш рет төрт адам жазылып шықты. Сауыққан адамдар кеше үйлеріне оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, төрт науқас та Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде COVID-19 диагнозымен түсіп, емделген. Науқастардың барлығы - Целиноград ауданындағы Қосшы ауылының тұрғындары. Төртеуі де шетелге бармаған, байланыс арқылы жұқтырған.

«Оның бірі - 1954 жылғы әйел, екеуі 1949 және 1990 жылғы ер адамдар. Олар наурыздың 28-де Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің жұқпалы аурулар бөлімшесіне түскен еді. Сол күні 67 жастағы (1953 жылғы) тағы бір ер адам ауруханаға жатқызылды. Ем қабылдағаннан кейін, COVID-19 анықтау үшін екі мәрте зертханалық талдау (араға 24 сағат салып) жүргізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша олардың бойынан COVID-19 табылмады. Осылайша, 16 тәуліктен кейін науқастар үйлеріне қайтты», - деді ведомстводан.

Айта кетейік, Ақмола облысында коронавирус жұқтырған 73 адам тіркелген, оның 4-еуі індеттен көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар