Ақмолада «Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік жеңімпаздары анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қаласының 195 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты жиын барысында өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау шеңберінде «Ақмола өнімдері» атты ауқымды өңірлік көрме-жәрмеңкесі өтті. Оған 150-ден астам ақмолалық тауар өндіруші қатысып, өз өнімдерін ұсынды.

Ал, байқау жеңімпаздарын Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев марапаттады.

«Біздің облыстағы тауар өндірушілердің өнімдері жоғары сапасы және үлкен сұранысымен ерекшеленеді. Көптеген жергілікті кәсіпорындар өнімдерін облыс аумағына ғана емес, республика, тіпті Ресей, алыс-жақын шет елдердің нарығына шығарады», - деп атап өтті аймақ басшысы Е.Маржықпаев.

Байқауға облыстың әр өңірінен жиналған барлығы 61 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер қатысты. Байқау жеңімпаздары «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық арналған үздік тауарлар» және «Ең үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша анықталды.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша Астрахан ауданындағы «Аzam-КС» ЖШС, Көкшетау қаласындағы «Диас» тігін фабрикасы» ЖШС, Біржан сал ауданындағы «Көкше-Цемент» ЖШС, «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша Бурабай ауданындағы «Веста-Бурабай» тігін салоны, Көкшетау қаласындағы «MSMWOOD» ЖШС және «Қазтехникс» ЖШС, «Ең үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша Атбасар ауданындағы «Атбасар майы» ЖШС, Целиноград ауданындағы «CAPITAL PROJEKT LTD» ЖШС және «Зерен асыл тұқымды шаруашылық» ЖШС жеңімпаз атанды.

«Өңірлік байқаудың 9 жеңімпазы «Қазақстанның үздік тауары» байқауында облыстың атынан сынға түсетін болады. Байқаудың басты мақсаты – отандық тауар өндірушілерді нарықта өздерін белсенді таныстырып өнімді алға тартуға ынталандыруды» – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков.

Соңғы жаңалықтар