Ақмолада карантиндік фитосанитариялық бақылау актілеріне QR-код енгізілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында карантиндік фитосанитариялық бақылау актілеріне QR-код енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіп кешенінде сырттан жеткізілетін өнімге қайталама тексеру жүргізілгені үшін Көкшетау қалалық аймақтық инспекциясымен берілетін карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалау актілеріне арнайы QR-код енгізіліп отыр.

Аталған тәртіп тұрмыстық жемқорлықты жоюға мүмкіндік береді. Себебі QR-код арқылы өнімді кімнің және қашан тексергені туралы ақпаратты алуға болады. Ол үшін QR-кодты сканерлеу бағдарламасын телефонға жүктеу жеткілікті.

Қайталама тексеру өсімдік өнімдеріне жүргізілетіні белгілі. Оның ішінде дәнді, майлы, жемшөптік дақылдар, сонымен қатар ағаш тұғырықтары (паддон) мен жүк тасуға арналған ыдыстар (поллет) бар.

Қызмет алушының өтініш білдіруі арқылы мемлекеттік инспектор жүктің жеткізілген орнына тексеру мақсатында барып, карантинге жатқызылған өнімді визуалдық бақылаудан соң қайталама тексеру актісін береді.

«Енді QR-кодтың көмегімен жүргізілген қайталама тексеру жөнінде толық мәлімет алуға болады. Оның ішінде тексеру жүргізген инспектордың аты-жөні, тексерудің күні мен уақыты, сонымен қатар сенім телефоны көрсетіледі. Бұл құзырлы мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, аталған саладағы тұрмыстық жемқорлықты азайтуға жол ашады» - дейді департамент басшысы Берген Беспалинов.

Еуразиялық экономикалық одағының кедендік аумағына әкелінетін өнімдер (карантинге жатқызылған өнімдер тізіміне енгізілген) карантиндік фитосанитариялық бақылауға (қадағалауға) жатқызылады. Аталған тәртіп карантинге жатқызылған өнімнің мемлекеттік фитосанитарлық талаптарына сәйкестілігін тексеру мақсатында жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар