Ақмолада қант диабетіне шалдыққандардың саны артты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ересектер мен балалардың арасында қант диабетіне шалдыққандардың саны артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының мәліметі бойынша 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қан диабетімен ауыратындар саны 4,8 пайызға артты. Мәселен, өткен жылы осы дертке шалдыққан 14997 адам тіркелсе, биылғы жылдың он айында бұл көрсеткіш 15758 адамға жеткен.

Дерт ересектердің арасында ғана емес, 17 жасқа дейінгі балалардың арасында да кездеседі. 2017 жылы 160 балада қант диабеті тіркелсе,  в 2018 жылы бұл көрсеткіш 169 жетті.

«Дертке шалдығудың ең басты себебі адамның күнделікті өміріне, тамақтануына байланысты. Сонымен бірге, дерттің тұқым қуалаушылық арқылы болатынын да жоққа шығара алмайсың. Дегенмен, көптеген жағдайда дұрыс тамақтанбау, тез әзірленетін тағамды пайдалану, тәтті газдандырылған сусын, алкоголь және темекі қолдану, сондай-ақ аз қимылдаудың салдарынан болады»,  - деп түсіндірді Ақмола облысының штаттан тыс бас эндокринологы Нүрилә Кенжетаева.

Қант диабетінің ұлттық тіркелімі бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша  Қазақстанда 309 мың адамның қант диабетіне шалдыққаны тіркелді. Оның ішінде 18 мың адам бірінші типті, 291 мың адам (оның 65 пайызы әйелдер) екінші типті.

Қант диабетімен ауыратын адамдардың 6 мыңының көзі шел басқан. Ал, 3 мыңы миокарт инфарктісімен науқастанады. Бұған қоса, 1 мыңнан астам сырқатқа ампутация жасалған.

Қазақстанда қант диабетімен ауыратындарды емдеу тегін. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің  қант диабетіне шалдыққандарға 48 дәрі-дәрмек және медициналық өнім түрлері беріледі.

«Жалпы, дерті асқынған бір ересек адамға тәулік бойы станционарда емделуі үшін мемлекет  126005 теңге, ал, күндізгі станционарда емделгендерге 31 500 теңге жұмсайды. Дерті асқынбаған науқасқа тәулік бойы станционарда емделуі үшін мемлекет  81 618  теңге, ал күндізгі станционарда емделгендерге 20 400 теңге жұмсалады.

Айта кетер жайт, балаларға жұмсалатын қаржы сәл көбірек.  Бір баланың станционарда емделуі үшін 139 085 теңге, ал, күндізгі станционарда 34 771 теңге қажет», - деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының директоры Нұрлан Ақылбеков.

Соңғы жаңалықтар