Ақмолада емдеу-диагностикалық шаралары стандарттан ауытқығаны анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы медициналық қызметтің сапасын бақылауға қатысты жүргізілген мониторинг нәтижесіне сәйкес биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында келісімшартта көрсетілген қаржының 87 миллион 721 мыңнан астам теңгесі алынып тасталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалына сілтеме жасап.

Аталмыш қордың жергілікті филиалы өкілдерінің айтуынша, ұсынылатын медициналық қызметтің сапасын қамтамасыз етудегі саясаттың басты бағыты медициналық ұйымдардың міндеттерін орындауы мен қызмет көрсеткіштерін талдау бойынша мониторинг жүргізу. Осы арқылы олардың рейтингісін қалыптастыру.

«Анықталған кемшіліктердің 42 пайызы емдеу-диагностикалық шаралардың стандарттан ауытқуы үлесінде. Кемшіліктің жалпы құны 87 миллион 721 мың теңгені құрады», - деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының директоры Нұрлан Ақылбеков.

Сонымен қатар, қор өкілдерінің айтуынша, қайтарып алынған ақша қосымша қаржыны талап ететін медициналық ұйымдарға бөлініп берілмек.

Осылайша, бәскелестік орта медициналық ұйымдарды қызмет сапасын арттыруға еріксіз мәжбүрлейді.

Ақмола облысының денсаулық сақтау субъектілерінің бірыңғай базасына 68 медициналық ұйым кіреді, оның ішінде 45 мемлекеттік те, 23-і жеке меншік мекеме.

Соңғы жаңалықтар