Ақмолада баламалы энергия көзін өндіру бойынша 7 жоба жүзеге асырылуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес Ақмола облысында да күн және жел қуатынан энергия өндіретін электр стансасын салу бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Елімізде 2023 жылға қарай баламалы көздерден өндірілген энергия үлесінің көлемі 45 пайызға кем болмайтындығы болжанып отыр.

Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде баламалы энергия көздерін дамытуға Елбасы Н.Назарбаев бекіткен Қазақстанның «жасыл» экономика көшу туралы тұжырымдамасы арқау болған. Бүгінгі күні бұл бағытта қолға алынған шаралар өз жемісін беруде.

«Облыста жалпы құны 60 млрд теңге болатын үш инвестициялық жоба жүзеге асырылып, табиғи ресурстарды пайдалану арқылы электр энергиясы өндірілуде. Индустрияландыру картасы шеңберінде қуаты 45 МВт алғашқы жел электр стансасы Ерейментау ауданында іске қосылды. Төрт жылдың ішінде станса шамамен 600 млн кВт/с электр энергиясын өндірді.

Баламалы энергия көздерін өндірудің тиімділігін түсінген «Родина» агрофирмасы» ЖШС өз кәсіпорындарның қажеттілігі үшін қуаты 750 мың кВт жел электр стансасын іске қосты.

Аршалы ауданында «ЦАТЭК Green Energy» ЖШС қуаты 100 МВт болатын жел электр стансасының құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылдың тамыз айында жобаның алғашқы кезеңі (қуаты 50 МВт) жүзеге асырылды. Екінші кезеңде қуаттылықты 100 МВт дейін арттыру қарастырылған. Сонымен бірге, компанияның үшінші кезеңде қуаттылықты екі есеге арттыру жоспарында бар. Бұл - өңір үшін ірі жоба. Инновациялық жағынан ғана емес, экономикалық жағынан да тиімді жобаның құны 40,7 миллиард теңгені құрайды», дейді Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Ведомствоның дерегіне сүйенсек, сонымен бірге, 2020 жылы Целиноград ауданында «KB Enterprises» ЖШС (қуаты 100 МВт) күн электр стансасын іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаға құйылатын инвестиция көлемі 53,3 миллиард теңге және ол шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылады.

Қазір Ақмола облысы әкімдігі мен жоба жетекшісімен жасалған келісімшарт негізінде жоба жүзеге асырыла бастады.

Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр кентінде «Вичи» ЖШС қуаты 3,75 МВт жел электр станасы салуда. Барлығы 5 жел генераторы орнатылды. Қазіргі кезде іске қосу алдындағы дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, Ерейментау ауданында екі жел станса салынады. Оның бірі - қуаты 50 МВт «Ereimentau Wind Power» ЖШС қолға алатын болса, екіншісін «Golden Energy Corp» ЖШС 2021 жылы іске қосуды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар