Ақмолада «Бала ақын – жас дарын» оқушылар айтысының жүлдегерлері марапатталды

None
Фото: Ақмола облысы мәдениет басқармасы
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ақын, публицист, педагог-ағартушы, жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Бала ақын – жас дарын» облыстық оқушылар айтысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы Біржан сал аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырған жыр додасына Аршалы, Біржан сал, Бұланды, Бурабай, Егіндікөл, Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласынан келген 12-18 жас аралығындағы 14 оқушы қатысты.


«Өңірде жыл санап айтысқа қатысушылар саны артып келеді. Бұл айтыста ақынның шығармашылық мұрасын дәріптеуге, жастар арасында қазақ өнерін насихаттауға, ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған. Сонымен қатар, айтысты халық шығармашылығы жанры ретінде дамыту, өңірдің жас талантты ақындарын анықтау», - деді облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығының басшысы Асхат Магавин.

Жас ақындардың сайысына ақмолалық ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек төрелік етті.

Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені бұландылық Хызырбек Сырым жеңіп алса, бірінші орынды ерейментаулық жас ақын Әділжан Бекарыс иеленді.

Ал екінші орынға тағы бір бұландылық ақын Елеш Нұрғиса лайық деп танылса, жүлделі үшінші орынды Ерементау ауданының өкілі Сәттібек Сәригболатұлы мен -Целиноград ауданынан келген ақын Адал Кербез өзара бөлісті.

Айтыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.



Соңғы жаңалықтар