Ақмолада азық-түлік өндірісі бойынша 92 инвестициялық жоба қолға алынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақмола облысында аграрлық салаға 106 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы өңір әкімі Ермек Маржықпаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде 2026 жылға дейін облыста 306 млрд теңгеге 92 маңызды инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ол 260 мың тоннадан астам ұн мен жарма өнімдерін, 62 мың тоннаға барлық ет түрлерін, жылына 54 мың тоннаға өсімдік майын, 45 мың тоннаға шикі сүт және 10 мың тоннаға көкөністер өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі орталық коммуникациялар қызметінде өткен есептік брифингте.

Спикердің айтуынша, етті және сүтті мал шаруашылығын одан әрі дамыту аясында, биыл 2,5 мың ірі қара мал алу арқылы 46 етті ферма және 4 мың ірі қара малға 11 сүтті-тауарлы ферма құрылады.

«Біздің облыста құс шаруашылығы бойынша үлкен әлеует бар. «Макинка құс фабрикасы» республикадағы ірі кәсіпорындардың бірі, ол туралы жоғарыда атап өткен болатынмын.

Құс фабрикасының екінші кезегі іске қосылған соң, кәсіпорын бір жылда толық қуаттылыққа шықты, ол шамамен 60 мың тонна құс еті. Оған қоса, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, құс фабрикасы орналасқан Бұланды ауданында жұмыспен қамту көрсеткіші көтерілді, халықтың жағдайы жақсарды», - дейді әкім.

Биылғы сәуірде құс фабиркасының үшінші кезегі салынып бітеді.

Бұл шамамен 500 адамды жұмысқа орналастыру арқылы құс еті бойынша өндірістік қуатты жылына 90 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.

«Осы және басқа да жетістіктерге, тиісті мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қол жеткізілді. Биыл аграрлы салаға шамамен 106 млрд теңге бөлінді. Осылайша, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі және диқандар үшін барынша қолайлы жағдай жасалуда», - деді Ермек Маржықпаев.


Соңғы жаңалықтар