Ақмолада автокөліктерді заңсыз техникалық байқаудан өткізу оқиғалары анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тіркелген автокөліктерді заңсыз техникалық байқаудан өткізу оқиғалары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Ақмола - адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, республикалық «Ыстық шілде» акциясы шеңберінде шетелде тіркелген автокөліктерді техникалық байқаудан өткізу туралы талондарды заңсыз әзірлеу қызметтерінің хабарландырулары орналастырылған сайттарға мониторинг жүргізу барысында «Техосмотр РФ», «Техосмотр Армения, Киргизия и Россия в Кокшетау» сияқты хабарландырулар анықталды. Барлығы «OLX» сайтында осындай қызметтерді ұсынатын 32 хабарландыру жарияланған.

«Жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында «Ақмола - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі «Жасырын сатып алушы» әдісімен хабарландырулардың біреуі бойынша қызмет ұсынушыға хабарласып, әңгіме барысында «Радик» есімді азамат Ресей Федерациясында немесе Арменияда және Қырғызстанда тіркеуде тұрған автокөлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу қызметтерін ұсынды. Яғни автокөлік құралын көрсетпей ақ, WhatsApp мессенджері арқылы талон алуға болатыны анықталды. Тиісті деректерді Ресей Федерациясының техникалық байқау ақпараттық жүйесіне енгізе отырып ресми талон беру бойынша қызметін 5000 теңгеге бағалап отыр. Ал техникалық байқау ақпараттық жүйесіне сәйкестендірілген деректерді енгізусіз берілетін ресми емес талон үшін 4000 теңге сұрайды.

Оның айтуынша, қызметті алу үшін бар болғаны автокөліктің суретін және құжаттарын What'sАpp арқылы жіберу қажет. Ал техникалық байқаудан өту туралы дайын талонды алу және осы қызмет үшін ақысын төлеу үшін қызмет көрсетушімен кездесу қажет», дейді «Ақмола - адалдық алаңы» жобалық кеңсесіндегілер.

Ведомствода атап өткендей, техникалық байқауды өткізудің мұндай әдісі ҚР заңнамасы талаптарына қайшы, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіреді, сонымен қатар азаматтардың парасаттылығы деңгейін төмендете отырып, жемқорлықтық құқық бұзушылықтарға әкеледі.

«Колёса.kz», «OLX» хабарландырулар сайттарының статистикалық деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңда Ақмола облысында 1145 шетелде тіркелген автокөлік сатылуда. Автокөліктің суреті арқылы техникалық байқаудан өту талондарын сату және сатып алу мәселесі ауқымды сипатқа ие болып келеді. Сатып алынған мұндай талондар автокөліктің қауіпсіз жол қозғалысы талаптарына сәйкес келетініне кепілдік бермейді.

Осыған орай, «Ақмола - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жеке көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу туралы талапты алып тастау, бұл талапты тек қоғамдық көліктерге және мемлекеттің теңгеріміндегі көліктерге қалдыру туралы ұсыныс білдіріп отыр. Сондай-ақ, техникалық байқау міндетті талап болып қалатын жағдайда, кеден одағына жататын елдердің көлік құралдарын техникалық байқау жүйелерін біріктіру қажет.

Сондай-ақ, шекарадан өту фактісін тексеру және автокөлікті техникалық байқаудан өткізу үшін талондарды сату және сатып алу үшін қатаң жаза қолдану фактісін тексеру арқылы шетелде көлік құралын техникалық қараудан өткізуді бақылауды күшейтуге бағытталған шаралар тиімді болады.

Соңғы жаңалықтар