Ақмолада әлеуметтік нысандардың құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында әлеуметтік нысандардың құрылыс қарқыны бәсеңдемейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, өңірде әлеуметтік нысандардың құрылысына көп көңіл бөлінуде. Бұған білім, денсаулық және спорт нысандарының ашылуы айқын дәлел болып отыр.

«Өткен жылы өңірде жаңа 7 нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде Щучье қаласындағы 800 орындық мектеп-лицей, Көкшетаудағы 280 орындық балабақша және Ақан сері атындағы мәдениет колледжіне қосымша ғимарат, Аршалы ауданындағы 42 разъез стансасында медициналық пункт, Атбасар ауданының Ново-Александровка ауылындағы дәрігерлік амбулатория бар. Әсіресе, спорттық инфрақұрылымдарды кеңейтуге ерекше басымдық берілуде. Мәселен, өткен жылы Жақсы ауылында стадион қалпына келтірілді және Астрахан ауылында денешынықтыру спорт кешені салынды», - дейді Ақмола облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Искакова.

Ведомство келтірген деректерге қарағанда, облыста әлеуметтік нысандардың құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Биылғы жылы әлеуметтік салада 26 нысанның құрылыс қарастырылса, оның 17-і білім, 4-і спорт, сондай-ақ, Бурабай аудандық полиция бөлімшесінің құрылысы.

Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, жыл соңына дейін Көкшетау қаласында онкополиклиника, Қосшы ауылында бір ауысымда 100 келушіге арналған поликлиника, Шортанды және Целиноград аудандарының Степное және Софиевка ауылдарында дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар