Ақмолада АҚТҚ жұқтырғандардың 90 пайыздан астамы антиретровирус емін алады

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысында АИТВ-статусы оң 952 адам тұрады. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні қарсаңында Ақмола облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Құрманбек Бурмағанов пен профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Әсел Балтабаева өңірде АИТВ-инфекциясының жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық бас дәрігерінің айтуынша, жыл сайын 1 желтоқсанда Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні атап өтіледі.

Бұл күні барлығы АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қолдау көрсету үшін бірігіп, ЖИТС-пен байланысты аурулардан қайтыс болғандарды еске алады.

ЮНЭЙДС 2022 жылғы СПИД-ке қарсы күн ұранын «Теңдік уақыты!» деп жариялады.

Соңғы екі жылда COVID-19 пандемиясына және басқа да жаһандық дағдарыстарға байланысты АИТВ-мен күрестегі прогресс баяулады, ресурстар азайды, миллиондаған адамдардың өміріне қауіп төнді.

«Жалпы әлемдік тенденцияларға қарамастан, Ақмола облысында әр адамның АИТВ-инфекциясын, әсіресе жұқтыру қаупі жоғары қауымдастықтармен тестілеуге, алдын алуға және емдеуге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Соңғы үш жылда халықты және негізгі топтарды зерттеумен қамту 13 пайызға өсті. Біздің науқастардың 90 пайыздан астамы антиретровирустық ем алады», - деп атап өтті Құрманбек Бурмағанов.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында жыныстық жолмен берілетін АИТВ және инфекцияларды тестілеуге бағытталған «зиянды азайту» бағдарламасы жұмыс істейді.

Бағдарлама шеңберінде шприцтер, контрацептивтер, майлағыштар таратылады, сондай-ақ, инъекциялық есірткі қолданатын адамдарға, интимдік қызмет көрсететін әйелдер мен ерлерге денсаулығын сақтау бойынша ақпараттық, консультациялық көмек көрсетіледі.

Мұның бәрін Көкшетау, Степногор және Щучье қалаларындағы сенім пунктерінен, сондай-ақ мобильді сенім пунктілерінен, Достық кабинетінен және аутрич-қызметкерлер арқылы алуға болады.

«Аутрич-қызметкерлер-бұл халықтың негізгі топтарының сенімді өкілдері. Олар орналасқан жерлері бойынша есірткі пйайдаланушылармен кездесіп, қолданылған шприцтерді жаңасына айырбастайды, сондай-ақ, презервативтерді, арнайы медициналық әдебиеттерді тегін және жасырын түрде таратады. Облыс бойынша осындай 15 қызметкер бар», - деп атап өтті Әсел Балтабаева.

Кәсіби көмек көрсетудің соңғы құралы - WEB-аутрич.

Бұл сайттар, мессенджерлер және ақпараттық бюллетеньдер арқылы алдын алу бағдарламасына жаңа клиенттерді тарту.

Жалпы Ақмола облысында АИТВ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Өңірде АИТВ-ның оң мәртебесі бар 952 адам тұрады, оның 91,5 пайызы антиретровирус терапиясын алады, оны мемлекет тегін қамтамасыз етеді.

«2022 жылдың он айында жүргізілген сынақтың ішінде вирус 96 адамнан табылды. Оның ішінде 37,5 % - 40-49 жас, 29,2% - 30-39 жас, 16,7% - 20-29 жас, 16,6% - 50 және одан жоғары жастағылар арасында. Олардың жартысынан көбі жұмыс істемейді. Инфекцияның негізгі берілу жолы – жыныстық - 68,8%, екінші орында есірткіні инъекциялық қолдану - 18,7%, 7,3% жағдайда берілу жолы белгіленбеген, гомосексуалдық - 5,2%», - деп бөлісті Әсел Балтабаева.

Жақында полицейлер АИТВ-инфекциясымен ауыратын ақмолалық ер адамның диагнозы туралы ештеңе білмейтін азаматтық жұбайына жұқтырғаны туралы ақпарат берді. Енді аймақ тұрғыны бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл ағымдағы жылы Ақмола облысында осындай жалғыз жағдай.

«Бізде АИТВ жұқтырған науқас анықталған кезде онымен белгілі бір жұмыс жүргізіледі. Біздің дәрігерлер инфекцияның әрбір жағдайын тексереді. АИТВ жұқтырған адам есепке алынады. Ол міндетті түрде басқа адамға жұқтыру кезінде болатын қылмыстық жауапкершілік туралы ескертіледі», - деп атап өтті Құрманбек Бүрмағанов.

АИТВ-мен ауыратын науқас өзінің серіктес мәртебесі туралы ескертуі керек.

Өйткені, егер серіктес екінші жартысының ауруы туралы біле отырып, байланысқа келіссе, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

Сонымен қатар, қажетті дәрі-дәрмекті үнемі қабылдаған кезде АИТВ-мен ауыратын науқастар жұқпалы болмайды, олардың қалыпты отбасы мен сау балалары болуы мүмкін.

«Егер жұқтыру дерегі дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 118-бабына сәйкес «АИТВ вирусын жұқтыру» адамға бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапқа тартылады», - деп түсіндірді профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Әсел Балтабаева.

Егер кәмелетке толмаған немесе екі немесе одан да көп адам жұқтырса, ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Біздің орталықтың ұйымдастыруымен «Көкшетау» мәдениет сарайында 1 желтоқсан күні сағат 16:00-де шығармашылық нөмірлері, пайдалы ақпараты және әрбір тілек білдірушінің АИТВ - ға жедел тестілеуден өту мүмкіндігі бар кең ауқымды жастар акциясы өткізілетінін атап өткім келеді», - деп қорытындылады орталықтың бас дәрігері.

Айта кетсек, Ақмола облысында 364846 адам ковидке қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды.


Соңғы жаңалықтар