Ақмолада «Абай даналығы сал-серілер елінде» мерейтой шараларының ашылуы болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Абай дәуірінде өмір сүрген дауылпаз ақын Біржан салдың туған жерінде «Құтты қонақ» жобасы шеңберінде «Абай даналығы сал-серілер елінде» атты мерейтойлық шаралардың ашылуы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аудан әкімдігіне сілтеме жасап.

Абай хакімнің 175 жылдық мерейтойын тойлау Мәлік Ғабдуллин музейінің мұрындық болуымен, сондай-ақ Біржан сал ауданы Степняк қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы орта мектеп оқушылары және музей қызметкерлерінің қатысуымен «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты əдеби-танымдық кешпен басталды.

Бұдан әрі шара «Абай даналығы сал-серілер мекенінде» атты әдеби сазды кешке ұласты. Кеш сөздің пірі Абай хакім мен әннің пірі Біржан салдың өмірдегі кездесулері көрініс тапқан прологпен басталды. Іс-шара барысында Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов және Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек құттықтау сөз сөйлеп, осындай ғибратты шаралар арқылы Абайдың әлеміне терең бойлай алатындығымызды тілге тиек етті.

«Уақыт өтіп, қоғамдық сана өзгергенімен Абай шығармалары өзінің өзектілігін жоғалтпайды. Оның бай шығармалары қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасы болып қала береді», - деді аудан әкімі Ермек Нұғыманов.


Шарада айтылғандай, «Құтты қонақ» жобасы әлі де өз жалғасын табады. Жоба барысында түсірілген бейне жазбалар жыл аяғында деректі фильмге өзек болмақ.


Соңғы жаңалықтар