Ақмолада 79 жастағы мүгедек қарияны тонаған күдіктілер ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 79 жастағы мүгедек қарияны тонаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, 2019 жылғы наурыздың 5-де Көкшетау қалалық ПБ кезекші бөліміне облыс орталығының 79 жастағы тұрғыны хабарласып, белгісіз біреулердің тонап кеткенін айтқан. Кейуана кардиологтың есебінде тұр.

Зардап шегушінің сөзінше, дәрігердің келуін күтіп отырғандықтан ол үйдің есігін ашық қалдырған.

«Медицина қызметкерінің келуін күтіп отырған қария қалғып кеткен. Кейін қатты тарсылдан оянған кезінде үйдің ішінде бөгде адамдардың жүргенін көреді. Бейтаныс ер адамдардың арсыздығынан қарияның денсаулығы күрт нашарлап кеткен. Кейін шкафтың ішінде сақтаулы тұрған ақшасының жоқтығын байқаған әжей полицияға арызданды», - деп атап өтті ПД баспасөз қызметіндегілер.

Оқиға орнына дереу жедел тергеу тобы жетті. Көз ұзамай күдіктілер де қолға түсті.

«Күдіктілер бұрын сотты болған Көкшетау қаласының тұрғындары болып шықты. Олар қылмысын мойындап, ұрланған ақшаның бір бөлігін иесіне қайтарды. Оқиғаға байланысты ҚР ҚК «Тонау» бабы бойынша іс қозғалды», - деп толықтырды ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар