Ақмолада 5,6 млн гектар егістік алқабы цифрландырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 5,6 миллоннан астам гектар егістік алқапта цифрландыру жүргізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Таласпаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингте биылғы жылғы күзгі егін жинау науқанының қорытындылары және Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында туындайтын алдағы міндеттер айтылды.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, биылғы жылы ауа райы онша қолайлы болмаса да диқандар қауымы үшін табысты болды.

«Облыс бойынша 4,3 миллион гектар егістік алқапқа дәнді және бұршақ дақылдары себіліп, 5,6 миллион тонна астық жиналды. Гектардан 13 центнер өнім алынған. Келер жылға қажетте тұқым қоры жасалды. Жалпы, биылғы жиналған астықтың сапасы біршама тәуір. Бұл көрсеткіш өңірдің агроөндірістік кешені мен ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытуға және жергілікті елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Димаш Таласпаев.

Сонымен қатар, ол өңірдегі агроөнеркәсіптік кешендерін дамытуда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында цифрлық технологиялар енгізіліп жатқанын атап өтті.

«Цифрландыру шарасы шеңберінде облыстағы 35 шаруашылықта нақты егіншілік элементтері енгізілді. Облыста нақты егіншілік технологияларын енгізу бойынша базалық 3 кәсіпорын (Целиноград ауданындағы «Ақмола Феникс» АҚ, Зеренді ауданындағы «Дихан Плюс» ЖШС және Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» ЖШС) анықталды. Бұдан бөлек, «А.И.Бараев атындағы АШҒӨО» ЖШС аумағында биылғы жылы 3 мың гектар алқапта нақты егіншілік элементтері сынақтан өтіп жатыр», - деді Димаш Таласпаев.

Брифингте басқарма басшысының орынбасары Qoldau.kz порталында егістік жерлердің электронды картасын жасау мәселесіне де тоқталды. Оның сөзіне қарағанда облыс бойынша 2 921 жер пайдаланушы 5,6 миллоннан астам гектар алқапта цифрландыру жүргізіпті. Бұған қоса, жайлымдық және шабындық жерлерді де цифрландыру шарасы жүзеге асырылуда. Әсіресе, Целиноград ауданындағы «Астана өнім» акционерлік қоғамы және «Родина» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Бурабай ауданындағы «Есіл Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәрізді ірі 3 сүтті-тауарлы фермасы толық цифрландырылды.

Соңғы жаңалықтар