Ақмолада 29 жастағы әйел дүкенге бару үшін біреудің көлігін мініп кеткен

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 29 жастағы әйел дүкенге бару үшін біреудің көлігін мініп кетіп, жол апатына ұшыраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Атбасар аудандық полициясы кезекші бөліміне 31 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, досының құрбысы «Volkswagen Golf» көлігін айдап әкеткенін айтқан.

«Көлік ұрланғаны жөнінде жол-патруль полиция батальонының экипажы мен жасағына ескертілді. Жедел ұстау шарасы кезінде көлік тереңдігі 1,5 метр орға құлап, қираған күйінде табылды. Осының салдарынан көлік иесіне 1,3 миллион теңге материалдық шығын келген», - дейді ведомстводан.

Тәртіп сақшылары 29 жастағы әйелді ұстады. Күдіктінің сөзінше, ол иесі қараусыз қалдырған көлікке отырып, дүкенге бармақ болған. Алайда, жарты жолда жолдан шығып кетіп, көлікке зақым келген. Қорыққан ол көлікті тастап кетіп қалған.

«Қазірге кезде күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің «біреудің автомобилін ұрлау мақсатынсыз заңсыз міну» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» деп толықтырды ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар