Ақмолада 16 мыңнан астам адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолада 16,6 мың адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жоспарланған.

Бұл туралы Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, өткен жылдан бастап басым міндеті жұмыссыз және жұмыспен ішінара қамтылмаған халықты еңбекпен белсенді қамту болып табылатын жұмысқа орналастырудың кешенді жоспары қолға алынған.

«Кешенді жоспарға әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, кәсіби оқыту, шағын несие беру бағыттары бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020», «Өңірлерді дамыту бағдарламасы», «Агробизнес», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Нұрлы жол» сияқты мемлекеттік бағдарламалар кіреді», -дейді басқарма басшысы.

Осы жылы мемлекеттік органмен алты бірдей мемлекеттік, үкіметтік және өңірлерді дамыту бағдарламалары жүзеге асырылып, онда 16,6 мың адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл өңірдегі жұмыссыз азаматтардың жартысынан астамын еңбекпен қамтуға мүмкіндік бермек.

Дина Ахметжанованың айтуынша, алты мыңнан астам адамға түрлі бағытта мемлекеттік қолдау көрсетілсе, он мыңнан астамы кәсіпорындарда кеңейтілген жағдайда құрылған вакансияларға орналастырылатын болады.

«Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Оны жүзеге асыруға 5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

Бірінші бағыт - «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету» шеңберінде 222 инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру және жалғасатын 3 ВА-мен 1 396 жұмыс орнын құру, оның ішінде 766 жұмыспен қамту орталықтары арқылы құру қарастырылған.

33 жоба бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде 16-сы аяқталған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қорынан бөлінген 1,5 миллиард теңге қаражат есебінен 189 жобаны жүзеге асыру үшін 156 жобада жөндеу жұмыстары басталып, 45-і толығымен аяқталған.

Инфрақұрылым нысандарына шамамен 1200 адам жұмысқа орналасқан, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 612 адам орналасқан.

«Кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру» аталатын - екінші бағыт шеңберінде 371 бағдарлама қатысушыларына несие беруге 1 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Қазірдің өзінде 550 миллион теңгеден астам сомаға 240 шағын несие иесін тауып үлгеріпті. Кәсіпкерлік негіздерімен 115 адам оқып шыққан.

Үшінші - «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде қоныстандыру және оқыту арқылы жұмысқа орналастыруға ықпал ету» бағытында 1286 адам қатысуда.

Аяқтап шыққан 776 бағдарлама қатысушысының 735-і тұрақты жұмысқа орналасқан.

Соңғы жаңалықтар