Ақмола және Ресейдің Орынбор, Омбы облыстары бірлескен жобаларды іске асырады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Ресейдің Орынбор облысымен әріптестікті нығайтпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшсі.

Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық әріптестікті жүзеге асыру бағытында меморандумға қол қойды.

Белгілі болғандай, Ақмола мен Орынбор облыстарының климаты ғана емес, ауыл шаруашылығында, туризм индустриясын дамытуда ұқсастығы бар. Орынбор облысындағы тұзды көлдерге жыл сайын 3 миллионнан астам адам барады.

Сонымен қатар, туризм саласында ынтымақтастық туралы Ақмола мен Омбы облыстарының туризм басқармалары, Ақмола облысының туристік орталығы Омбы облысы және Ямал-Ненецкий автономды округімен келісімге қол қойды.

«Туризмді жан-жақты дамыту және тиімді әріптестік орнату, сапалы туристік қызмет көрсету үшін қолайы жағдай жасау және мүмкіндікті арттыру жөнінде келісімге қол қойдық», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Ақмола облысы Туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятов.

«Әріптестік туризм саласындағы бірлескен шараларда, ақпараттық турларда, көрме және жәрмеңкелерде, форумдарда, конференцияларда жүзеге асырылады, сондай-ақ бірлескен жобалар мен бағдарламаларда қолға алынбақ», - деп толықтырды Д.Идиятов.

Қазақстан-Ресей Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы аясында өткен баспасөз мәслихатында Ақмола облысында туризмді дамыту перспективалары туралы баяндаған аймақ басшысы Мәлік Мырзалин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірдегі курорттық аймақтарда қызмет көрсету ақысын арзандату туралы талабына назар аударды.

Ал өңірдік туристік мүмкіндіктерін таныстырған Басқарма басшысы Данияр Идиятов, мамандардың болжамы бойынша келер жылы Ақмола облысында туристік сектор саласында қызмет көрсету сомасы 6 миллиард теңгеден асатынын атап өтті.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметі бойынша, Петропавлда өткен Қазақстан-Ресей Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы шеңберінде ұйымдастырылған туристік көрмеде Ақмола облысы өңірдің осы саладағы әлеуеті туралы мәліметтер ұсынды.

«Көрме қонақтары «Smart Aqmola» Коммуналдық мемлекеттік мекемесінің - виртуалды (Virtual Reality) және (Augmented Reality) шынайы көрініс жобасына қызығушылық танытты. VR девайстер көмегімен 3D көрсетілім арқылы Абылай хан алаңына, Бурбай курортының туристік нысандарына виртуалды саяхат жасауға болады. Ал AR арқылы Ақмола облысының туристік нысандары смартфонда шынайы көрініс береді», - деп атап өтті Туризм басқармасынан.

Сонымен қатар, көрме қонақтары Ақмола облысы кәсіпорындарының құрты мен қоспасының («Көкшетау сүт зауыты» ЖШС»), Бурабай курортының «Qulager Burabay» ресми суының дәмін татып көрді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумында ақмолалық палуан Сергей Цырульников Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге екі ел достығының символы ретінде өрілген шегелерді сыйға тартқан еді.

Соңғы жаңалықтар