Ақмола полицейлері жолда қалған 1200 көліктің сапарын жалғастыруына көмектесті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, қар аралас жаңбыр және боран) жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін Ақмола облыстық полиция департаментінің қызметкерлері республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, ақпанның 18-де облыс жолдарында ауа райының қолайсыздығынан туындаған күрделі жағдай сақталды.

Барлық бағыттағы жолдарда қозғалыс жабылды.

Аумақтық полиция департаментінің қызметкерлері ауа райының нашарлауына байланысты жол-көлік оқиғаларына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады.

Тәртіп сақшылары көктайғақ пен боран жағдайында жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, автокөлік иелеріне межелі жерге жетуге көмектесті.

«Нұр-Сұлтан-Петропавл» және «Ерейментау-Шідерті» автожолдарында қар көшкіні салдарынан 50-ге жуық автокөлік бұғатталды.

Жүргізушілердің қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету және үсіп қалуына жол бермес үшін полицейлер колоннаға автокөліктер салуды ұйымдастырды, қар жинайтын техниканы тартты және тұрып қалған көлік құралдарын белгіленген жерге дейін алып жүрді.

Жолаушылар арасында жас балалар мен қарт адамдар болды, оларға полицейлер қажетті көмек көрсетті.

«Кешкі сағат 20:00-де автокөлік кептелісіне байланысты патрульдік полиция ротасы экипаждарының қызметкерлері 1206 автокөліктен тұратын автоколоннаның қозғалысын қамтамасыз етті, оның 1033 - жеңіл және 173 - ауыр жүк көлігі» дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Полицейлер жолда қалған көліктердің қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ауа райының күрт нашарлауы кедергі келтіргенін айтып отыр.

«Түнде жағдай шынымен оңай болған жоқ. Жолдың жабылуы мен бұрқасынның салдарынан 1000-нан астам автокөлік жиналды. Қазіргі уақытта жолдардағы жағдай тұрақты және патрульдік полиция экипаждарының бақылауында», - дейді патрульдік полиция батальонының командирі, полиция подполковнигі Азамат Байғазин.

Айта кетейік, ауа райының нашарлауына байланысты патруль полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда 76 патрульге қосымша экипаждар енгізілді.

Елді мекендерге кіріп-шығу жолдарына 48 бекет қойылды.

Барлық жүргізушілермен профилактикалық әңгіме жүргізілді.


Соңғы жаңалықтар