Ақмола полицейлері «үздік актерлар» танылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Отандық кино жұлдыздары Ғани Құлжанов пен Жанна Қуанышева "Парасатты полицей" республикалық байқауында ақмолалық тәртіп сақшыларының актерлік шеберлігін жоғары бағалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі қарсаңында еліміздегі құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында "Парасатты полицей" республикалық байқауы өтті. Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған шараға еліміздің əр өңірінен 100 полиция қызметкері мен ведомстволық білім ордаларының өкілдері қатысты. Байқау бірнеше бағытттан тұрды. Соның ішінде командаларға кәсіби жетістіктерді көрсету, еліміз заңдарын білу бойынша тапсырманы орындау, актерлік шеберлік пен ой-ұшқырлығын паш ету, мемлекеттік тілде өз ойларын дұрыс әрі түсінікті жеткізе білу қажет болды.

Ақмола облысының ІІД "Көкше сақшылары" командасының сапында болған полиция майоры Равиль Абулханов, полиция капитандары Қуаныш Есімбеков, Əсем Жиенғалиева, Темірлан Қадыралиев жəне аға лейтенант Асан Әубәкіровтың актерлік шеберліктеріне көрермендер де, қазылар алқасы да тәнті болды. Сахнадағы 5 минуттық қойылымда ақмолалықтар ҚР полициясының 25 жылдығы, "ЭКСПО-2017" көрмесі, ішкі істер органдарының мемлекетаралық қатынасы тақырыптарын қамтыды.

Осы орайда отандық кино жұлдыздары Ғани Құлжанов пен Жанна Қуанышева ақмолалық полицейлердің актерлік шеберліктерін жоғары бағалап, "Актерлік шеберлігі үшін" аталымы бойынша жеңімпаз деп таныды.

Ал байқаудың қорытындысы бойынша командалық есепте Ақтөбе облысының ІІД "Серт береміз" командасы - бірінші орын, Ақмола облысының ІІД "Көкше сақшылары" мен Жамбыл облысының ІІД "Тараз қырандары" командалары - екінші орын, Павлодар облысының ІІД "Сарыарқа сақшылары" мен Маңғыстау облысының ІІД "Каспий" жəне ҚР ІІМ Қостанай академиясының "Қабылбаев ұрпақтары" командалары үшінші орынды өзара бөлісті.

Жеңімпаздарды ҚР ІІМ бірінші орынбасары, полиция генерал лейтенанты Марат Демеуов құттықтап, марапаттады.

Соңғы жаңалықтар