Ақмола обысында төтенше жағдай кезіндегі коммуналдық төлемнің 1,5 миллиард теңгесі өтеледі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызметтер үшін ақмолалықтардың 1,5 миллиард теңгесі өтеледі. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко төтенше жағдай кезінде тұрғындардың коммуналдық қызметтері үшін өтемақы төлеу мәселесі туралы айтып берді.

Оның сөзінше, мұндай көмек азаматтарға 7 cанат бойынша беріледі. Осы критерилерге сәйкес, облыстың 50 мыңнан астам тұрғыны коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңге өтемақы алады. Коммуналдық қызметтер үшін өтемақы қаражаты бірден тұтынушылардың жеке шотына аударылады. Олар 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттік міндетін орындау кезінде көз жұмғандар, соғыс ардагерлері мен мүгедектері, және оларға теңестірілген тұлғалар, ең төмеңгі зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты ардагерлер.

Коммуналдық қызметтер бойынша шығынды өтеу үшін тұтынушылар ақпараттық жүйе арқылы өтініш береді, егер ол болмаса жергілікті атқарушы органдардағы call-орталық арқылы жеке сәйкестендіру нөмірі, әлеуметтік статусы және жеке шоты мәліметін ұсынуы арқылы жүзеге асырылады.

Осы ретте, коммуналдық қызметтерді ұсынушылар әр айдың 25-нен кешіктірілмей төлем жасалғаннан кейін жергілікті атқарушы органдарға бюджет қаржатының мақсатты жұмсалғандығы туралы есеп беріп отырады.

Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев тұрғындар арасында ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, айтылған санаттағы азаматтардың коммуналдық қызметтері үшін шығынды өтеу қаражатын жедел беруді қамтамасыз етуді тапысырды.

«Кредиторлық қарызы бар аудандар оны жою туралы нақтылы шара қолдануы тиіс. Өзге мәселелер бойынша бізге қосымша тағы жиналып, барлық мәселені талқылап, шешу жолдарын қарастыруымыз керек», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Айта кетейік, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осыған дейін төтенше жағдай кезінде карантин режимі енгізілген аумақтардағы елді мекендерге коммуналдық қызметтерді жеткізіп берушілердің шығын өтеудің ережесін бекіткен болатын.


Соңғы жаңалықтар