Ақмола облысының жемқорлыққа қарсы қызметі пара берілетін салаларды атады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Халықаралық сарапшылар Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылдаған шараларын оң бағалады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Көкшетаудағы «Antikor ortalyǵy» алаңында өткен брифингте халықтың сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін анықтау бойынша 2019 жылғы зерттеу қорытындысы сөз болды. Белгілі болғандай, 23 қаңтарда Transparency International халықаралық үкіметтік емес ұйымы өзінің 2019 жылғы «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» атты басты жыл сайынғы зерттеу нәтижелерін жариялады.

Былтырғы жылы мемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықты қабылдау бойынша 180 мемлекетке бағалау жүргізілді. Кәсіпкерлер сауалнамасының және сараптамалық бағалаудың 13 түріне сүйене отырып, TI сарапшылары еліміздің сыбайлас жемқорлыққа нөлден 100-ге дейінгі шкала бойынша қаншалықты ұшырағанын бағалады, нөл – сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары, 100 – төмен.

«Қазақстан 34 ұпай жинап, 180 елдің ішінде 113-орын алды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3 балға және 11 позицияға жақсарды. Бұл көрсеткіштер сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне қатысқан барлық уақыт ішінде Қазақстан үшін ең жақсы көрсеткіш болып табылады», - деді Мұрат Төлеубаев.

Индекс сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалауға емес, оны қабылдауға, бірінші кезекте сарапшылар, бизнес-қоғамдастық өкілдері мен кәсіпкерлерге бағытталғанын атап өту керек. Қазақстан бойынша индексті есептеу кезінде Батыс Еуропа мен АҚШ-та орналасқан белгілі 9 халықаралық зерттеу орталығының деректері негізінде біріктірілген көрсеткіштер пайдаланылды.

Департамент басшысының баяндамасында айтылғандай, бірде-бір ел сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 100 балл жинаған жоқ. Осы жылы бірінші орынды Жаңа Зеландия мен Дания бөлісті, әрқайсысында 87 ұпайдан. Сомали, Оңтүстік Судан мен Сирия сәйкесінше 9, 12 және 13 балл алған. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көшбасшылықты айтарлықтай нығайтты. Мысалы, Украина, Әзербайжан және Қырғызстан 126-орында, Ресей 137-орында, Тәжікстан және Өзбекстан 153-орында.

Сонымен қатар, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы бұқаралық ақпарат құралдарына өткен жылы Transparensy International Kazakhstan қоғамдық қоры жүргізген Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жағдайына мониторинг нәтижелері туралы ақпарат берді. Зерттеу шеңберінде сарапшылар 9 000 респондентке сауал қойып, «Ашық диалог» порталына түскен өтініштерді зерделеді. Сауалнама қорытындысы бойынша Ақмола сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең үздік облыстың қатарына енбеген.

Халықтың пікірінше, пара беруге мәжбүр ететін ең көп таралған себептер жұмысқа орналасу, жер учаскесін ресімдеу, баланы балабақшаға орналастыру, ЖҚЕ бұзу, рұқсат құжаттарын ресімдеу болып отыр.


Соңғы жаңалықтар