Ақмола облысының тұрғыны менингит күдігімен ауруханаға түсті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында менингококк инфекциясын жұқтыру қаупімен ауруханаға түскен ер адамнан сынамалар алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында менингококк жұқпасына шалдығу қаупімен бір адам ауруханаға түскендігі жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жазылған болатын.

Өңірлік Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткендей, сырқат белгілерімен түскен науқас 47 жастағы ер адам. Бүгінде одан қажетті анализдер алынуда.

«Бұл, менингококк жұқпасы бойынша облыста жыл басынынан тіркелген жетінші жағдай. Олардың екеуінде ғана диагноз расталды. Науқастардың екеуі де емделіп шықты. Төртеуінде расталмады.  Сондықтан, абыржуға еш негіз жоқ. Соңғы оқиға келер болсақ, 16 қазан күні Көкшетау қаласының 1971 жылы туған тұрғыны менингококк жұқпасына шалдықты деген күдікпен аурханаға түсті. Қазіргі кезде, ер адамнан сынамалар алынып, тексеріліп жатыр. Оның нақты қорытындысы 3 күн өткен соң анықталады», - деп түсіндірді Ақмола облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Әсем Батырбекқызы.

Сонымен қатар ол ер адамның әйелінен де менингококк бактерияларының тасымалдаушыларын анықтау бойынша сынамалар алынғанын атап өтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 18 қазандағы жағдайы бойынша Қазақстанда жыл басынан менингококк инфекциясына шалдығудың 85 жағдайы тіркелген. Бұдан бірер күн бұрын ведомствоның ресми сайтында аталмыш дерттен елімізде 15 адам көз жұмғаны жазылды. Сондай-ақ Қазақстанның әр аумағында науқастанудың жекелеген жағдайлары тіркеліп жатқаны айтылды.

Еске салайық, Ақмола облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов маусым айында менингококк инфекциясы бойынша жағдай туралы журналистермен брифинг өткізген еді. Онда менингитке қарсы 544 адам тексерілгені айтылды.

Сондай-ақ кеше мәлім болғандай, Астанада 5-16 қазан күндері аралығында мектеп жасындағы 8 бала менингит диагнозымен ауруханаға түскен. Балалар инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Сәуле Нұрашеваның айтуынша, бұл - серозды, яғни вирусты менингиттің түрі. Олардың асқыну және өліммен аяқталатын жағдайлары сирек кездеседі. 

«Бұл - вирусты инфекция. Ол ауа тамшылары арқылы адамнан адамға жұғады. Менингитке қатысты дүрбелеңнің неліктен туғанын түсіндіре алмаймын. Бұл біз үшін жыл сайынғы қалыпты құбылыс. Мысалы, менингитпен ауруханаға биыл түскендер былтыр түскендерге қарағанда көбейген жоқ. Сондықтан, дүрлігудің қажеті шамалы», - деді Сәуле Нұрашева.

Соңғы жаңалықтар