Ақмола облысының тұрғыны көлігімен адам қағып, қашып кеткен

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 26 жастағы мас жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, жол апаты 31 наурыз күні Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр кентінде болған.

«Volkswagen көлігін басқарған 1993 жылғы ер адам Советская көшесінің бойымен, яғни №1 Краснояр орта мектебінің маңында өтіп бара жатқан 47 жастағы ауылдасын қағып кетті. Зардап шеккен адам жабық-ми жарақаты, жамбас сүйегінің сынуы диагнозымен ауруханаға жеткізілді», - деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Жүргізуші оқиға орнынан ізін суытқанымен, алысқа ұзай алмады. Оны жедел-іздестіру шарасы кезінде «Әскер10» автопатруль қызметкерлері қолға түсірді.

Сонымен қатар, тексеру кезінде 26 жастағы жүргізуші алкогольді мас күйінде болғаны анықталды.

«Автокөлік айыппұл алаңына қойылды. Жүргізушінің үстінен ҚР ҚК-ның 345-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп толықтырды департаменттен.

Соңғы жаңалықтар