Ақмола облысының тұрғыны блокпосттағы полиция қызметкеріне алғыс айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көкшетау тасжолындағы блокпостта кезекшілікте тұрған полиция лейтенанты қала маңындағы науқасты Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханаға жеткізуге көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елде жарияланған төтенше жағдай кезінде полиция қызметкерлерінің жұмысы күшейтілген режимге көшіп, оларға артылған жауапкершілік еселене түскені белгілі. Бұл ретте құқық қорғау органының өкілдері халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп қана қоймай, қиын сәтте шұғыл көмекке мұқтаж жандарға да қол ұшын созып, көпшіліктің алғысын алуда.

Осындай азаматтардың бірі, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті патрульдік полициясы полкінің инспекторы, полиция лейтенанты Берікбол Көксеген 15 сәуірде Көкшетау тасжолындағы блокпостта кезекшілікте болған. Қызмет барысында инспекторға Гүлнара Молдашева есімді азамат қала маңында тұратын ағасының науқастанып қалғанын, оны тез арада Нұр-Сұлтанға жеткізу керектігін айтып хабарласады.

Полиция лейтенанты мұндай өтінішке бей-жай қарамай, науқас азаматты бекетте қалыптасқан көлік нөпірінен жылдам өткізіп, ауруханаға жеткізуге көмектескен.

Полиция инспекторының қызметіне риза болған Гүлнара Молдашева әлеуметтік желі арқылы оған алғыс айтты.

«Щучинсктің шыға берісінде тұрған блокпостта кезекшілікте тұрған Берік есімді полиция лейтенантына алғыс айтам. Қала сыртында тұратын ағам ауырып қалып, жедел түрде қалаға жеткізу керек болды. Ағамды ауруханаға жеткізгенше ештеңе ойлай алмадым. Кешке қарай сол күнім қалай өткені туралы ойлаған кезде блокпосттағы жағдай есіме түсті. Берік маған көмектесіп, ұзын-сонар көліктер арасынан жылдам өтіп, бізді ауруханаға жеткізіп қана қоймай, қайтып кеткен соң ағамның денсаулық жағдайын сұрап хабарласты. Оның еңбегі жемісті болуын тілеймін!», - деп жазды ол Facebook парақшасына.


Соңғы жаңалықтар