Ақмола облысының соттарымен 584 тұлғаға қатысты 485 қылмыстық іс аяқталған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың І тоқсанында Ақмола облысының соттарымен 584 тұлғаға қатысты 485 қылмыстық іс аяқталған.

Бұл туралы Ақмола облыстық сотының төрағасы облыс соттарының 2014 жылдың 1-тоқсан қорытындысы бойынша облыс соттарының сот төрелігін жүзеге асыру сапасы мен істерді қарауда заңдылықты сақтаудың жай-күйі, облыс соттарының қызметін әрі қарай жетілдіру мәселелері туралы кеңейтілген жалпы жиналысында айтылды, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Алқалы жиынға облыстық соттың алқа төрағалары мен судьялары, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары, облыстық соттың кеңсе басшысы мен оның орынбасары, құрылымдық бөлімдердің басшылары, сектор меңгерушілері, сот жүйесінің мамандары қатысып, баяндамалар жасады.

2014 жылдың 1-тоқсанында Ақмола облысының соттарында барлығы 11 396 қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер мен материалдар қаралған, яғни өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда істер мен материалдар саны 1 717 -ге немесе 17,7% -ға (9 679) артқан.

Облыс соттарында қаралып жатқан істер санының өсуіне қарамастан оларды қарау барысында судьялар тарапынан іс жүргізу мерзімінің бұзушылығы тіркелмеген көрінеді. Облыс соттарында 584 тұлғаға қатысты 485 қылмыстық іс аяқталған. 261 адам сотталған, 4 адам ақталған, 284 адамға байланысты істер қысқартылған, 3 адамға дәрігерлік сипаттағы жаза қолданылған.

Сондай-ақ, 94 адамға қатысты бас бостандығынан айыру, 10 адамға - айыппұл салу, 11 адамды - қоғамдық жұмысқа тарту, 119 адамның - бас бостандығын шектеу, 4 адамды - ҚР ҚК 65-69 бабын қолданумен жазадан босату; 23 адамды шартты түрде соттау жазалары кесілген. Алқа билердің қатысуымен Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 1 адамға қатысты 1 қылмыстық іс қаралған. Медиаторлардың қатысуымен 50 қылмыстық іс аяқталған.

Апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібімен барлығы 29 тұлғаға қатысты үкім немесе облыс соттарына келіп түскен барлық қылмыстық істердің 5,3 % күші жойылған және өзгертілген. Қылмыстық істер бойынша сот актілерінің 94,7% заңды әрі негізді.

2014 жылдың 1-тоқсанында Ақмола облысының соттарына азаматтық істер бойынша 150 істер мен 7 176 (барлығы 7 326) өтініштер түскен. 34 іс медиатордың қатысуымен қаралған.

Апелляциялық кассациялық және қадағалау тәртібімен 70 шешімнің немесе облыс соттарында жалпы қаралған азаматтық істердің 1,5% сот актілерінің күші жойылған және өзгертілген. 2013 жылдың есептік кезеңінде 64 шешім немесе жалпы сот актілерінің 2,2% күші жойылған немесе өзгертілген еді. Азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы 0,7 %-ға жақсарған.

2014 жылдың 1-тоқсанында Ақмола облысының соттары 3 657 тұлғаға қатысты 3 657 әкімшілік іс қараған. Апелляциялық және қадағалау тәртібімен 7 қаулы немесе облыс соттарына келіп түскен әкімшілік істердің 0,2% күші жойылған және өзгертілген, 2013 жылдың есептік кезеңінде 12 қаулы өзгеріске түсіп, жалпы көрсеткіш 0,3%-ды көрсеткен болатын. Бұл келтірілген мәліметтер әкімшілік істер бойынша сот төрелігі сапасының 0,1%-ға жақсарғанын дәлелдейді.

Соңғы жаңалықтар