Ақмола облысының шенеуніктері мен АҚШ азаматы 1,1 млрд теңге жымқырған –прокуратура

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облыстық сотының қаулысымен мемлекет пайдасына АҚШ азаматшасының мүлкі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқапарат тілшісі.

Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, тергеу барысында Бурабай жағалауында орналасқан жер учаскесі бар жеке клиниканың жаңа ғимараты мен «Lexus» маркалы автокөліктің заңсыз сатып алынғаны анықталды.

«Қылмыстық істі тергеу аясында облыстың арнайы прокурорларының өтініші бойынша Ақмола облыстық сотының қаулысымен мемлекет пайдасына АҚШ азаматшасы «Г.Ю.А.» мүлкі тәркіленді. «Г.Ю.А.» клиникалар желісінің иесі бола тұра, Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларымен бір топта мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты шеңберінде ескі медициналық жабдықты жаңа ретінде жеткізіп, 1 167 513 600 теңге сомасына бюджет қаражатын жымқырған деген күдікке ілінді. Сонымен қатар медициналық жабдықтардың бір бөлігі жұмыс істемейтіндігі анықталды», – делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

Күдіктілер осы ақшаға жаңа емхана ғимаратын 890 млн теңгеге салып, оны мемлекетке 4,5 млрд теңгеге сатуға тырысқан. Мұнымен қоса «Г.Ю.А.» 2021 жылғы сәуірде қылмыстық іс тіркелгенге дейін Қазақстан шекарасынан шығып кеткен.

Осыған байланысты оған күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы сырттай қолданылып, халықаралық іздеу жарияланды.

«Ақмола облыстық сотының 2023 жылғы екінші маусымдағы қаулысымен (заңды күшіне енді) мемлекет пайдасына жоғарыда аталған мүлік тәркіленді. Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларына қатысты негізгі қылмыстық іс сотқа жетті. Ал күдіктілер қамауға алынды», – деді облыстық прокуратурадан.

Айта кетейік, Ақмола облысының арнайы прокурорлары республика бойынша алғаш рет халықаралық іздеуде жүрген адамның мүлкін үкім шығарғанға дейін сотқа дейінгі тәркілеу тетігін қолданды.


Соңғы жаңалықтар