Ақмола облысының Полиция департаментіне жаңа бастық тағайындалды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев облыстық Полиция департаментінің жаңа бастығын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Президент Әкімшілігінің және облыс әкімінің келісімі бойынша Ақмола облысының Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция генерал-майоры Баймұрзин Арманбек Хәкімбекұлы тағайындалды.

Полиция генерал-майоры Біләлов Берік Сұлтанғазыұлы лауазымынан босатылды, ол қызметін ІІМ-нің орталық аппаратында жалғастырады.

Полиция департаментінің жаңа бастығын жеке құрамға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев облыс әкімі Ермек Маржықбаевпен бірге таныстырды» деп жазылған ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Арманбек Хәкімбекұлы Баймұрзин 1974 жылы туған. Ішкі істер органдарында 1992 жылдан бастап қызмет атқаруда. Басшылық лауазымдардағы тәжірибесі мол. Әр жылдары ІІМ-нің Криминалдық полиция комитетінде және Жамбыл облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып қызмет істеді. 2014 жылдан бастап ІІМ Криминалдық полиция департаментін басқарды.

Министр облыстық полицияның жеке құрамына ішкі істер органдарын жаңғыртудың барысы және қылмысқа қарсы күрес, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде ел Президенті белгілеген міндеттер туралы айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның алдына нақты міндеттер қойды. Ол міндеттер бойынша полицияның қызметі азаматтардың мүдделері мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Бүгінде ішкі істер органдарының жұмысы барша қоғамның жіті назарында», - деді министр Ерлан Тұрғымбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысының Полиция департаментіне жаңа бастық тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар