Ақмола облысының полицейлері ұрланған жүк көлігін бір сағат бойы қуды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола полицейлері жүк көлігін айдап әкеткен 25 жастағы ақмолалықты қууға мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, мамырдың 3-де таңертең Көкшетау қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне Краснояр ауылының тұрғыны жүк көлігін белгісіз біреудің айдап әкеткенін айтып көмек сұраған. Көлік иесіне келтірілген шығын көлемі 500 000 теңгені құрады.

«Полиция қызметкерлері қылмыстың түнде жасалғанын анықтады. Күдікті үйдің жанында тұрған «ЗИЛ» маркалы автокөлігін айдап әкеткен. Патрульдік полиция және жергілікті атқару органдарының қызметкерлері жедел іздестіру шарасы барысында бейнебақылау камерасы арқылы көлікті анықтады. Күдікті қудалау кезінде көлікті тоқтату туралы заңды талапты орындамады», - деді ведомстводан.

Бірнеше сағаттан кейін «Әскер-1» патрульдік полициясы экипажының қызметкерлері лейтенант Дархан Бопиев пен лейтенант Олжас Тілеуов «Рузаевка – Көкшетау» автожолының 3 шақырымында ұрланған көлікті тоқтатты. Көлік ішінде 25 жастағы қаскүнемнен бөлек, оның анасы болған.

«Қазіргі кезде осы жағдайға байланысты Қылмыстық кодекстің 200-бабының 1-бөлігі «Автомобильді заңсыз иелену» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ мас күйінде көлік құралын жүргізгені және полиция қызметкерінің талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды», - деп толықтырды ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар