Ақмола облысының өткен жылдағы 20 жетістігі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Коронавирус пандемиясына қарамастан, өткен жыл Ақмола облысының тұрғындары үшін экономикалық жетістіктер мен қызықты оқиғаларға толы болды. Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы өңірдің 2020 жылғы негізгі қорытындыларын ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1. 2020 жылы инвестиция көлемі 2019 жылғы деңгейден асты. Күрделі жағдайда жұмыс істей отырып, ақмолалық кәсіпорындар өндірісті жаңғыртуға белсенді түрде қаржы инвестициялады. Сөйтіп осы көрсеткіш бойынша республикада үздік үштіктің қатарынан көрінді.

2. Облыс өткен жылдың қорытындысы бойынша тарихи меже – 1 триллион теңгеге жетті. Бүгін таңда өңірдің индустриялық әлеуеті көпсалалы құрылымды білдіреді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27 есе өсті.

3. Облыс алтын өндіру бойынша республикада 1-орында. Бүгінде 30 тоннаға жуық алтын өндіріледі, бұл 2003 жылғы көлемнен 14 есе артық. Бұл көрсеткіш жақын арада RG Gold және Ақсу Technology жаңа фабрикаларын салу бойынша перспективалық жобаларды іске асыру есебінен айтарлықтай артады.

4. Ақмолалық диқандар мол өнім жинады. Өңір аграршылары 5,2 млн тонна астық бастырды, бұл өткен жылғы жалпы түсімнен 17 пайызға артық. Орташа өнімділік гектарынан 11,8 центнерді құрады, бұл көрсеткіштен өткен жылғымен салыстырғанда біршама жоғары.

5. Ақмола облысында бірден 2 жел электр стансасы салынды. Соның бірі - Ерейментау ауданында қуаты 30 МВт болатын станса. Бұл - қуаты мен жылжымалы ауданы бойынша әмбебап жел қондырғысы, нарықтағы ең жақсы турбина 2 МВт-қа дейін.

Аршалы ауданында «Астана EXPO-2017» жел электр стансасының екінші кезегі пайдалануға берілді, ол 10 мыңнан астам отбасының жылдық энергия тұтынуын қамтамасыз етуге, парниктік газдар шығарындыларын жылына 230 мың тоннаға азайтуға және жыл сайын 80 мың тонна қатты отынды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жел электр станциясын салу инвестициялық жобасы облыс орталығына жақын жерде жүзеге асырылды, онда қуаты сағатына 3,7 МВт болатын 5 жел генераторы салынды. Толық электр қуатымен әр қондырғы 750 кВт өндіре алады.

6. «Макинск құс фабрикасы» серіктестігі бройлер өсіру бойынша өндірістің екінші кезегін пайдалануға берді. Бұл кәсіпорынның қуатын жылына 25 мың тоннадан 56 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Екінші кезең іске қосылған соң құс фабрикасы қуаты жағынан Қазақстандағы ең ірі кәсіпорынға айналды. Алғашқы бройлерлер 2021 жылдың қаңтарында етке сойылады.

7. Облыста «RG Gold» серіктестігінде алтын өндіру фабрикасының құрылысы басталды. Ауқымды жобалардың бірі жылдық қуаты 5 миллион тоннаға дейінгі бастапқы кенді қайта өңдеуге бағытталған. Құрылысты аяқтау және пайдалануға беру 2022 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Жаңа нысанды іске қосу бір мың қосымша жұмыс орнын ашады.

8. Ақмола облысында 2020 жылы 5 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Қолжетімді тұрғын үй құрылысымен облыстың барлық 11 ауданы және Көкшетау мен Степногор қалалары қамтылған. Мемлекеттік инвестиция есебінен облыста 30 жалға берілетін және 13 несие үйі салынуда.

9. Биыл жергілікті маңызы бар 700 шақырым жол жөнделді, оның ішінде 250 шақырымы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде.

Соңғы үш жыл ішінде, қазіргі жолдарды қоса алғанда, 1,5 мың шақырымнан астам жергілікті жол жақсы жағдайға келтірілді, оның ішінде 800 шақырымы ауылдық жерлерде.

10. Қопа көлінің жағасы абаттандырылды. Мұнда заманауи спорт алаңдары, балалар ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер мен веложолдар, 500 орындық амфитеатр, жасыл аллеялар, қайықтар мен катамарандарға арналған пирстер пайда болды.

11. Ақмола кәсіпорындары елімізде алғашқылардың бірі болып өндірісті игерді, ал кейбіреулері пандемия жағдайында аса қажетті өнімдер желісін жаңартты. «Тыныс» акционерлік қоғамы өкпені жасанды желдетуге арналған аппараттарды шығаруды жедел түрде 10 еседен астам арттырды, олар біздің еліміз бойынша іске асырылуда.

«Тұрмыстық химия зауыты» серіктестігі қысқа мерзімде бактерияға қарсы және антисептикалық өнімдердің жаңа өндірісін қайта бағдарлады және ретке келтірді.

12. Облыс орталығында 150 пациентке арналған Онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталды. Қазіргі заманғы емдеу мекемесінде қатерлі ісіктерге күдікті пациенттерге, сондай-ақ диспансерлік есепте тұрған адамдарға консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі.

Орталық озық медициналық жабдықтармен - МРТ аппаратымен, жаңа КТ аппаратымен, 3 жұмыс орнына арналған рентген аппаратымен, стереотаксис функциясы бар мамографпен, сондай-ақ эндоскопиялық жабдықтың толық желісімен жабдықталған.

13. «Болашақ» жаңа оқушылар сарайы салынды. Негізгі бағыт - IT, робототехника және бағдарламалау тілі. Сарайға оқу ғимараты, спорт залы, бассейн кіреді. Мұнда 75-тен астам даму клубы құрылды.

14. Ақмола облысында бірқатар мектептерге көрнекті тұлғалардың есімдері берілді. Облыстың 6 білім мекемесінің атауы өзгерді.

Дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі берілді. ІТ мектеп-лицейі енді ұлы ғалым әл-Фарабидің есімімен аталады.

Степногордағы төрт мектепке Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет Байтұрсыновтың, Шоқан Уәлихановтың және Қаныш Сәтбаевтың есімі берілді.

15. Щучинск-Бурабай курорт аймағы айтарлықтай өзгерді. Қазақстанның басты курорт аймағы – Бурабайда ұлттық парктің көрікті жерлерін тамашалауға болатын бақылау алаңының құрылысы аяқталды. Ол «Көкшетау» тау жотасында 135 метр биіктікте орналасқан.

Сондай-ақ, Бурабайдағы Абылай хан алаңында «Батырлар» көркем-мүсіндік композициясы пайда болды. «PromenadeBurabay» көпфункционалды кешенінің және Қазақстанда баламасы жоқ экспозициялық кешен –мультимедиялық мәдени-көрме кеңістігінің құрылысы аяқталды.

Аттракциондары бар биік шолу шеңбері салынды, сонымен қатар Discovery аумағында аквапарк пайда болды.

16. Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған алғашқы спорт кешені ашылды. Кешенде бір уақытта мүмкіндігі шектеулі 60 адам спортпен шұғылдана алады. Мұнда барлық қажетті жағдайлар жасалған - жаттығу залы, емшара-массаж кабинеті, жекпе-жек және фитнес залдары бар. Алдағы уақытта қонақ үй кешені мен жабық футбол алаңын салу жоспарлануда.

17. 21 мурал Көкшетаудағы тұрғын үйлердің қасбетіне әр беріп тұр. Тарихи тұлғалар мен ұлттық дәстүрлер бейнеленген нағыз өнер туындылары - қала әкімдігінің бастамасы. Суретшілердің күш-жігерінің арқасында оларға Абылай ханның, Шоқан Уәлихановтың түрлі-түсті портреттері, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүр бейнесі салынды.

18. Ақмолалық кәсіпорын ҚР Президентінің «Алтын сапа» арнайы сыйлығының иегері атанды. «INTER TRADE» серіктестігі «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімінде «Іскер» арнайы сыйлығының лауреаты атанды.

Компанияның меншігінде өнімділігі тәулігіне 150 тонна ұн шығаратын «Атбасар ұны» ретінде танымал жұмсақ, I, II сұрыпты бидайдан жоғары сұрыпты ұн шығаратын диірмен кешені бар.

19. Мәлік Ғабдуллиннің жарияланбаған кітабы жарық көрді. Жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры, жазушы, әдебиеттанушы, қоғам қайраткері М.Ғабдуллиннің кітабы Бауыржан Момышұлының және басқа да қазақ жауынгерлерінің Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен ерлігіне арналған.

20. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған ІІІ республикалық онлайн байқау қорытындысы бойынша Ақмола облысы 4 аталым бойынша жеңіске жетті:

- «Облыстық маңызы бар үздік музей» аталымы бойынша биыл ғасырлық мерейтойын атап өткен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жеңімпаз болды;

- «Бір отбасы - бір кәсіп» аталымы бойынша Қорғалжын ауданының Құсайыновтардың халықтық отбасылық ансамблі үздік атанды;

- Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сайты «Мемлекеттік кітапханалардың үздік сайты» аталымы бойынша үздік деп танылды;

- «Аудандық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері» аталымы бойынша Жақсы орталық аудандық кітапханасының кітапханашысы Айнұр Қайдаулова жеңімпаз атанды.


Соңғы жаңалықтар