Ақмола облысының керемет жерлерінде әлемдік «EQUUS» фильмінің түсірілімі басталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Ақкөл ауданының аумағында «EQUUS» (Жылқы) атты деректі триологиясының түсіріліміне дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы орайда фильм түсірілетін алаңмен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев танысып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақпараттық турға «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Ағымдағы жылы 28 тамызда Ақмола облысында «EQUUS» деректі трилогиясынының түсірілімін бастау жоспарланып отыр. Фильм аясында 1 мыңға жуық жылқы түсіру алаңында иіріледі деп күтілуде.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғаннан кейін біз осындай жобаны қолға алып жатырмыз. Оған тек Қазақстанның телеарналары ғана емес, сонымен қатар Канада, АҚШ, Франция және Германияның мамандары бірлесіп жұмыс істеуде. Ғалымдардың мәліметіне қарағанда, біздің елдің аумағында жылқы алғаш қолға үйретілгені туралы деректер бар. Осы орайда Ботай қонысы жайында жиі айтылады. Сондықтан 50 мемлекет бұл үлкен жобаны сатып алуға дайын», - деп тоқталды министр.

Дәурен Абаевтың сөзіне қарағанда, фильмді түсіру алдында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды.

«Бұл жобаға Қазақстан тарапы қомақты қаржы бөлген жоқ, яғни шетелдік серіктестер екі-үш есе артық қаржыны жобаға салып отыр», - деді ведомство басшысы.

Өз кезегінде трилогияның продюсері Нұрбол Баймұханов фильм бүгінде жылқылар көптеп кездесетін әлемнің 20 елінде түсірілгенін атап өтті.

«Осы орайда тарихи жаңғырту жұмыстары Қазақстан аумағында атқарылып жатқандығы біз үшін үлкен мәртебе. Біз төрт кезеңді қамтимыз, яғни аңшылар-терімшілер, ботайлықтар, андронов мәдениеті және түркілер кезеңдерінен деректерді жариялаймыз. Атап айтқанда, екі маңызды эпизодты қосқымыз келеді: сақтар мен Қазақ хандығы», - деді Н. Баймұханов.

Сонымен қатар фильм бойынша ғылыми кеңесші, археолог Виктор Зайберт Ботай мәдениеті арқылы әлемде алғаш рет жылқы қазақ жерінде қолға үйретілгені нақты дәлелденгенін жеткізді. 

«Осы деректер 1980 жылы дәлелденген болатын. 37 жыл қатарынан зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірнеше жыл бұрын Нұрбол Баймұханов Ботай мәдениетін барша әлемге көрсету шешімін жасады. Себебі біз 15 жылдан астам уақыт бойы Ұлыбритания, АҚШ, Германия және Ресей архелогтарымен бірлесе жұмыс істеудеміз. Зерттеулердің арқасында Жердегі ұлы инновациялар бастау алған аумақтың бірі Қазақстан екенін дәлелдедік. Бәрінен бұрын бұл инновация өркениеттің жаңа кезеңіне аяқ басумен байланысты, яғни атты Номадтар дәуірі. Көп жылдар қатарынан материалдық құндылықтардың көптеген элементтерін қайта қалпына келтірдік», - дейді ғалым.

Сонымен қатар ол зерттеулер кезінде маңызды артефактілер анықталғанын, ат әбзелдерін зерттеген америкалық және ағылшын ғалымдары олардың маңыздылығын растағанын атап өтті.

«Ең маңызды дәлелдің бірі - қымыздың молекулаларынан құралған қыштың анықталуына қатысты болды. 6 мың жыл бұрын осында адамдар қымыз ішіп, жануарларды қолға үйретумен айналысқаны анықталды», - деді Виктор Зайберт.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Қазақстан» РТРК «Clearwater Documentary Inc.» компаниясымен бірлесе отырып, «EQUUS» (Жылқы) атты деректі триология  жобасын бастамақ. Жобаның мақсаты - адамзат тарихының жаңа қырларын ашып көрсету. 

Деректі трилогия бойынша канадалық режиссер, антрополог Найоби Томпсон жұмыс істейтін болады. Бірлескен жоба 2018 жылы аяқталып, көпшілік назарына ұсынылады деп күтілуде. Аталмыш туынды әлемнің 50-ден астам елінде миллиондаған аудитория жинайды деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар