Ақмола облысының экспорт үлесі 31 пайызға артты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биылғы бірінші тоқсанында Ақмола облысының сыртқы сауда айналымы 212,8 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7 пайызға артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының кәсіпкерлік жірне өнеркәсіп басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыртқы сауда айналымының ішінде экспорт көлемі 105,6 миллион АҚШ долларын (31 пайыз өсімі), импорт көлемі 107,2 миллион АҚШ долларын (2,3 өсім) құрады. Облыс бидай және тұқым, ұн, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, подшипник, полиэтиленді қап, алкогольсіз сусындар экспорттайды.

«Ет өнімдерін Қорғалжын ауданындағы «Астана-Агропродукт» ет комбинаты «Бакара» брендімен Мәскеудің сауда орындарына жеткізсе, «КаzBeef» ЖШС Ресейдің бірқатар өңірлеріне экспорттайды. Сонымен қатар, «Milk Project»  ЖШС-нің сүт өнімдері мен «Көкшетау минералды сулары» АҚ-нің «Тұран» брендімен шығарылатын алкогольсіз сусындарына ресейде сұраныс жоғары. Ал, «ҚазГерҚұс» ЖШС өнімдерін Орталық Азия және Таяу Шығыс (Тәжікстан, Түркіменстан және Пәкістан) елдерінің нарығына шығарады», деп көрсетілген хабарламада.  

Жалпы, Ақмола облысында «ЕПК-Степногорск», «Тыныс» АҚ, «Асыл-Арман», «Колутон-95», «Урожай» ЖШС тәрізді кәсіпорындар экспортпен айналысады.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 192,2 миллиард теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлем индексі 104,6 пайыз болды.

Соңғы жаңалықтар