Ақмола облысының Егіндікөл ауданында ауызсу мәселесі қалай шешілуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының көптеген аудандары үшін ауыз су мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отыр. Соның ішінде Егіндікөл ауданына ауызсу 90 пайызы тозған магистральдық су құбыры арқылы жеткізіледі. Өңірде осы мәселені шешу қалай жүзеге асырылуда. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Ерлан Мұхамедин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімінің айтуынша, аудандағы 11 елді мекеннің 10-ы Нұра топтық су құбыры арқылы өтетін магистраль бойынша су алады.

«Біздің барлық ауылдарымызда жер асты қорлары жоқ және біз тікелей Қорғалжын ауданынан су аламыз. Магистраль құбырларының тозуы 90 пайызды құрайды. Бірақ елді мекендердегі құбырлардың жағдайы жақсы, өйткені 2005-2007 жылдары желілер жөнделді. Магистральдық құбырлардың жағдайы алаңдаушылық тудырады. Мәселен, биыл орталық су құбырында проблемалар болды. Апат орын алды, оны жою екі-үш аптаға созылды», – деді Ерлан Мұхамедин.

Осыған байланысты соңғы уақытта жылдық жоспар бойынша 330 мың текше метр су ағыны шамамен 65-70 пайызды құрайды, бұл жеткіліксіз. 2018 жылы Нұра топтық су құбырының магистралі республикалық бюджетке берілді.

«Біз республикадан қаржы бөліну үшін смета әзірлеп, осы бағытта жұмыс істеудеміз. Бірақ үш - төрт жыл бойы үлкен көлемде жұмыс жүргізілген жоқ, тек жоспарлы жұмыстар жүріп жатыр. Биылғы жылы 250 шақырымдық 18 магистралі ауыстырылды, бұл барлығы 10 пайыз. Бізге ерекше шаралар қабылдау қажет», - деді Ерлан Мұхамедин.

Аудан әкімі атап өткендей, ауданда республикалық бюджет есебінен жалпы құны 10 миллиард теңгеге магистральдық су құбырларын жөндеу жоспарланған. Осы арқылы ауданда ауыз мәселесін екі-үш жыл ішінде шешу көзделген.



Соңғы жаңалықтар