Ақмола облысының диқандары күзгі егін орағына қызу кірісті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының диқандары күзгі егін орағына қызу кірісті.

Бұл туралы облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде айтылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Кеңесте орақ  жұмыстарын жүргізудің барысы, кәсіпорындардың еңбекақы жөніндегі қарызы және алдағы жылу беру маусымына дайындық туралы мәселелер қаралып, талқыланды.

Аппарат кеңесіне облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин,  облыс әкімінің орынбасарлары,  Көкшетау қаласының әкімі, облыстық басқармалардың басшылары, ұлттық компаниялардың және бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдері қатысты. Егін орағының барысы туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан хабарлама жасады. Облыста бүгінгі таңда 4 миллион 328,7 мың гектар дәнді дақылдар алқабының 1 миллион 393,6 мың гектары орылып, 1 миллион 233,8 мың гектары бастырылған. Бұл тиісінше барлық алқаптың 32,2 және 28,5 пайызы. Астықтың жалпы түсімі 1 миллион 554,6 мың тонна болып отыр. Әр гектардың шығымдылығы орташа есеппен 12,6 центнерден айналуда. Бұл - былтырғы көрсеткіштен 4,5 центнерге артық.

Қыркүйектің 2-сінен бастап жұмыс қарқыны өсіп, күндік жоспар асыра орындала бастады. Қазір тәулігіне 200 мың гектардың астығы бастырылуда. Элеваторларға 300 мың тонна астық өткізіліп, 88,3 мың тонна тұқым құйып алынды. Аудандарда күзгі дала жұмыстарын уақытында, сапалы жүргізу үшін барлық шаралар қолданылуда.

Аппарат кеңесінде облыс әкімі биыл астық шығымының жақсы екенін атап өтіп,  оны шашпай-төкпей жинап алу міндетін қойды.

Сонымен қатар, кеңесте алдағы жылу беру маусымына дайындықтың барысы қаралды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Виктор Радченко айтуына қарағанда, осы күнге дейін облыста 670 қазандық, 51 шақырым жылу желісі, 85,9 шақырым су-кәріз желісі жөнделді. 763 білім беру нысаны, 625 медициналық мекеме, 510 әлеуметтік нысан мен 1844 тұрғын үй жылу беру маусымына әзір.

 «Оған қоса, 304 мың тонна немесе екі айға қажетті көмірдің 97 пайызы дайын. «Кокшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының жылумен қамтамасыз ету көздері жөнделуде. Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде, На РК - 1 жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, екінші қазандық пен жылу инженерлік желі жөнделуде», деп атап өтті. В. Радченко.

Кеңес барысында жергілікті кәсіпорындардың жұмысшылар алдында еңбекақы қарызын жою, Ерейментау ауданында су тасқынының зардаптарын жою және жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударылды. 

Соңғы жаңалықтар