Ақмола облысының Бұланды ауданында кезекте тұрған 20 адам баспаналы болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Осының арқасында өңірде баспаналы болғандар саны көбейіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстың ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Жаздың алғашқы айының бірінші күні Нұр-Сұлтан қаласы мен облыс орталығын байланыстыратын күре жолдың бойында орналасқан Макинск қаласында кезекте тұрған 20 адам баспаналы болды. Оларға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Шаңырақ» бағыты бойынша жаңа пәтерлердің кілттері тапсырылды.

«Бүгін бәріміз үшін айтулы күн. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде жаңа пәтердің кілтін алып отырсыздар. Құрылыс саласында қолжетімді баспана салу өте маңызды. Елбасы бекіткен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жыл сайын мыңдаған отбасы көптен күткен баспаналарына қол жеткізуде», - деді аудан әкімі Талғат Ерсейітов.

Сонымен қатар, биыл ауданда халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 60 және 24 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, өткен жылы облыста 574 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен 71 көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл дегеніміз 3061 пәтер. Бүгінде 1982 пәтерлік 44 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Айта кетейік, егемендік жылдары өңірде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды.


Соңғы жаңалықтар