Ақмола облысының би ұжымы Халықаралық байқауда I орын алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Санкт-Петербург қаласында өткен «Күзгі армандар» халықаралық онлайн-өнер байқауында Жақсы ауданының «Карнавал» би ұжымы бірінші дәрежелі лауреат атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ұжым «Радуга искусств» халықаралық таланттар бірлестігінің «Халық биі, ансамбль, аралас ересек топ» номинациясы бойынша «Дала қызғалдақтары» биімен бірінші дәрежелі лауреат дипломымен марапатталды.

Би ұжымы бұл байқауға алғаш рет қатысып отыр. Іс-шара балалар мен жастардың көркемөнерпаздықтарын қолдау және дамыту, шығармашылық арқылы көрерменді ұлттық мәдениеттердің дәстүрлеріне тарту, қатысушылардың орындаушылық деңгейін арттыру және жаңа шығармашылық ұжымдарды іздеу мақсатында өткізілді.

Жақсы ауданының жас дарындарына лайықты баға берген байқаудың қазылар алқасының құрамына вокалдың кәсіби педагогтары, композиторлар, кино актерлері, режиссерлер мен хореографтар кірді.

«Карнавал» би ұжымы 2001 жылдан бастап Белағаш ауылдық мәдениет үйінде жұмыс істейді. Ұжым ауылдың, ауданның және облыстың мәдени өміріне белсенді қатысады. Осы жылдар ішінде «Карнавал» түрлі шығармашылық конкурстардың, фестивальдар мен көркемөнерпаздар байқауларының жеңімпазы және жүлдегері болды», – деді ауылдық мәдениет үйінің директоры Эльмира Сүлейманова.

Сайыс ұйымдастырушыларынан алғыс хатты ұжым жетекшісі Елена Рига да алды. Бұл би ұжымы үшін халықаралық деңгейдегі алғашқы жетістік болды.


Соңғы жаңалықтар