Ақмола облысының басшысы үздік құрылысшыларды марапаттады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Құрылысшылар күніне орай саланың бір топ маманы төс белгілермен, медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Мерекелік шараға жиналған жұрт алдында құттықтау сөз сөйлеген облыс  əкімі Мәлік Мырзалин көптеген ғасырдан бері құрылысшы мамандығы ерекше сый-құрметке ие екенін айтып өтті.

"Мемлекет басшысы өз сөзінде тұрғын үй құрылысы экономикамыздың жаңа локомотиві болып табылатынын айтты. Сіздер «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыруға белсене қатысып келесіздер. Құрылысшылар еңбегінің арқасында Көкшетау қаласының көркі өзгерді. Құрылыс қарқыны артып, ғимараттарды қалпына келтіру белсенді жүргізілуде. Бірінші жартыжылдықта өңірде жүргізілген құрылыс көлемі өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 101,5 пайызды құрады. Биылғы жылы 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бюджет қаржысы есебінен тағы 860 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Ағымдағы жылы әлеуметтік саланың 34 нысанының құрылысына 9,5 миллиард теңге бөлінді. Көкшетау қаласындағы Неке қию сарайы осы айдың ішінде пайдалануға беріледі. Сарыарқа шағын ауданы көз алдымызда өсіп келеді. Келесі жылы бұл шағын ауданда 900 орындық мектеп пайдалануға беріледі", - деген облыс басшысы «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен «Намыс» компаниясының бас директоры Сәкен Жұманалинді, «Кокшеводоканалпроект» серіктестігінің директоры Талғат Тәшімовті, «Жақия» серіктестігі директорының орынбасары Руслан Тумгоевты және «Инсект» серіктестігі бөлімінің басшысы Майра Игенбаеваны марапаттады.

Сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалі «Кокшеэлектромонтаж» серіктестігінің директоры Омар Сарыжігітовке, «Кокшетау горсельпроект» серіктестігі бөлімінің басшысы Александр Лыковқа, «Ақмола Геодезия» серіктестігінің техникалық директоры Александр Григорьевке табысталды. Бұдан бөлек, аймақ басшысының атынан еңбек ардагерлеріне гүл шоқтары тарту етілді.

Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.



Соңғы жаңалықтар