Ақмола облысының ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне 13 млрд. теңге субсидия берілді - Елбасы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ақмола өңіріне сапары барысында Еңбекшілдер ауданында болып, «АСКОП» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазіргі уақытта аталған серіктестікте 150-ден аса адам еңбек етеді. Көктем-күз мезгілінде (егін егу, орақ) жұмысшылар саны 400 адамды құрайды. Үстіміздегі жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 15 Джон Дир комбайны, 5 Джон Дир егін егу кешені және 50 «Омичка» дән егу кешені сатып алынды.

Мұндағы ақшалай қаржының жылдық айналысы 2 миллиард теңгені құрайды. Серіктестіктің Макинск қаласындағы ғимараттарына реконструкция жүргізілді, осы мақсатқа 2 жылда 1 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалды. Сондай-ақ 70 адамдық жатақханасы бар егістік басындағы қоныс, 50 орындық асхана, монша және шаруашылық құрылыстары да салынды. Оларға шамамен 70 миллион теңге қаржы жұмсалды.

Биыл осы мақсатта бригада аумағы мен Макинск қаласында орналасқан орталық ғимаратты абаттандыруға 40 миллион теңге бөлу жоспарланған. Цехтардағы ескі станоктар қалпына келтірілген, жаңалары сатып алынған, қазір халыққа тиісті деңгейде қызмет көрсетілуде.

«АСКОП» ЖШС-інде болған кезінде Елбасы Ақмола облысы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Өз сөзінде Президент жалпы өңірлік өнімнің көлемі өскенін атап көрсетті.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 942,2 миллиард теңге құрады. Мемлекет Ақмола облысының ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне субсидия түрінде жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Биыл бұл көрсеткіш 13 миллиард теңгені құрады», - деді өз сөзінде Президент Н.Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы өңірдің өнеркәсіп саласындағы оң өсу қарқынына да назар аударды. Бүгінгі күні өңірдегі өнеркәсіп саласының табысы 130 миллиард теңгені құрап, республика бойынша 4-ші орыннан көрініп отыр.

Соңғы жаңалықтар