Ақмола облысының аумағы 2023-2024 жылдары газбен қамтамасыз етіледі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының аумағы 2023-2024 жылдары газбен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы аймақ басшысы Мəлік Мырзалиннің «KazТrаnsGas» АҚ бас директоры Қанат Құрманалиевпен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қанат Құрманалиевтің сөзінше, келер жылдан бастап елімізде «Сары-Арқа» магистралды газ құбырының құрылысы» жобасы басталады. Аталмыш жоба еліміздің солтүстік жəне орталық өңірлерін үздіксіз газбен қамтамасыз етуге бағытталған.

Магистралды газ құбырының құрылысы 2018-2030 жылдар аралығында «Қызылорда - Астана», «Астана - Көкшетау» жəне «Көкшетау - Петропавл»  кестесі бойынша жүзеге асырылады.

«Ақмола облысының аумағына газ шамамен 2023-2024 жылдары жеткізіледі. Облыс әкімімен кездесуде жол бойындағы 50-ге жуық елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарын талқыладық. Мұндағы «Астана - Көкшетау» магистралды газ құбырының құны шамамен 48,2 миллиард теңгені құрайды», деді Қанат Құрманалиев.

Өз кезегінде аймақ басшысы газ тарту өңір үшін стратегиялық маңызы зор шаруа екенін айта келе, жобаны жүзеге асыруға əріптес болуға әзірлігін білдірді.

««Сары-Арқа» магистралды газ құбырының құрылысы» жобасын облыс аумағында жүзеге асыру аса маңызды. Газ құбырын тарту  -  бұл инженерлік инфрақұрылымның, өндіріс орындарының дамуына септігін тигізеді. Көмір отынынан газға көшу экологиялық және экономикалық жағынан тиімді болар еді», - деді М.Мырзалин.

Соңғы жаңалықтар