Ақмола облысының әкімі журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай өңірдегі республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Құттықтауда: «Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргі әлемді ақпаратсыз елестету мүмкін емес. Біз бүгін теледидар мен радио, мерзімдік баспасөз, баспахана мен коммуникация саласы қызметкерлеріне және біздің ақпарат кеңістігімізді мазмұнды да мағыналы етіп жүрген барлықтарыңызға асқан құрметпен қараймыз. Ақпараттар ағынының кеңістігіндке бұқаралық ақпарат құралдарына да ерекше маңыз беріліп отыр. Қазақстанда журналист мамандығы әрқашан ерекше орынға ие болса, ал бұқаралық ақпарат құралдарына миллиондаған адам зор сенім артып, айтарлықтай ерекше ықылас танытуда. Бүгінгі күні де олардың абырой-беделі ақпаратты берудегі жеделдіктен, болып жатқан оқиғаларды терең талдап, бағалаудан да анық байқалып отыр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа арнаған биылғы «Қазақстан жолы -2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізу міндетін жүктеген болатын. Осынау Елбасы тапсырмасын орындауда, біздің ақмолалық журналистердің де қосып жатқан үлес салмағы аз емес. Аймақтық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген өз ісінің білгірлері мемлекетті дамытуға арналған бағдарламаларды жүзеге асыру, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, сонымен бірге еліміздің халықаралық беделін арттыру бағытындағы талпыныстары сүйсіндіреді. Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген кәсіби мамандардың жемісті қызмет етіп жүргендігін атап өту мен үшін де үлкен абырой.

Құрметті журналистер, Сіздердің нақтылы азаматтық ұстанымдарыңыз, алға қарай ұмтылушылық қасиеттеріңіз өз мамандықтарыңыздың басты сипатына айналып отыр.

Қымбатты достар! Барлық байланыс пен ақпарат қызметкерлеріне жоғары кәсібилігі мен мамандықтарына адалдықтары үшін шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыруда табысқа жете беріңіздер. Сіздерге және жақын туғандарыңызға бақыт пен амандық тілеймін!» деп айтылған.

Соңғы жаңалықтар