Ақмола облысының әкімі жаңа мешітке жиналған жамағатты Құрбан айт мейрамымен құттықтады (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін, Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Көкшетауда жақында есігін айқара ашқан «Науан-Хазірет» мешітіне барып, жиналған 2500-дей адамды мұсылман дінінің қасиетті мерекесі - Құрбан айт мейрамымен құттықтады.

Құрбан айт намазының алдында мешіттің бас имамы Қанат Қыдырмин уағыз айтты. Бұдан соң облыс әкімі жиналғандарды құттықтап, мерекенің біздің еліміз үшін маңыздылығын атап өтті.

«Елбасы Н.Назарбаев үнемі бізге этносаралық және конфессияаралық келісімді біздің қоғамның ең басты құндылығымыз ретінде көздің қарашығындай сақтау қажеттігін айтып келеді. Бүгінгі айт намазы Сіздердің жүректеріңізге нұр болып құйылсын. Осы күнгі сіздердің барлық тілектеріңіз орындалсын! Жаратқан біздің тату еліміздің амандығын сақтап, әр тұрғынының үйінде қонақжайлылық пен дарқандық жолдасын, Құрбан-айттарыңыз құтты, құрбандықтарыңыз қабыл болсын!» деді өз сөзінде облыс әкім.

Мерекелік айт-намазынан кейін жамағат мешіт ауласына шығып, арнайы белгіленген орында құрбан шалу рәсімін бастады.

Естеріңізге сала кетсек, құрбан шалу мүмкіндігі бар мұсылман үшін уәжіп. Ол құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату - парыз. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне , екінші бөлігі - мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі - өзінің бала шағасына, отбасына беріледі.

Соңғы жаңалықтар