Ақмола облысының әкімі ҰОС ардагері Елдес Қоңыровты ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин ҰОС-ның ардагері Елдес Қоңыровты ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ақсақалдың үйінде болған өңір басшысы ардагерді құттықтап, мерекелік сый-сияпат жасады.

Ардагер алдағы жылдың қаңтарында 92 жасқа толмақ. Осы орайда, өңір басшысы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ардагерлердің жағдайын әрқашан да назарына алып, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне елімізде қолдау көрсетіліп келе жатқандығын ерекше атап өтті. «Бейбітшілік пен тыныштық орнаған елдің келешегі зор. Қазақстанды гүлдендіріп, әлемге танытқан Мемлекет басшысына осы ауыр да әрі қиын жұмыста мықты денсаулық, елімізге амандық тілеймін», - деді ақсақал. Елдес Әмренұлы Қоңыров 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, Фрунзе қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберіледі. Онда денсантшы ретінде тәлім алып, тәжірибе жинақтайды. Сол жылдың тамызында оның полкі Украинаның Киев, Днепропетровск сияқты қалалары мен селоларын жаудан азат ету үшін қиын-кескі ұрыс жүргізіліп жатқан Днепр өзенінің оң жағасына түсірілді. Ардагер сол жерде алғаш рет жаумен бетпе-бет шайқасты. Сонымен қатар, ол қаруластарымен бірге фин әскерлерінің бақылауында болған Свир өзені бойын және неміс басқыншыларынан Беларусьтің Орша қаласын азат етуге қатысқан. Сондай-ақ, жаяу Румыния және Венгрияға дейін барып, осы елдердің астаналарында бекініп алған неміс әскерлерімен де соғысқан. 1945 жылдың сәуір айында ардагер ауыр жарақаттанып, үш ай бойы госпитальда емделді. Тек 1949 жылы ғана әскерден оралады. Қарт жауынгердің кеудесінде «Ерлік үшін», «Карелияны азат еткені үшін» және «Венаны алғаны үшін» медальдары бар.

Соңғы жаңалықтар