Ақмола облысының әкімі: Облыстағы барлық әлеуметтік нысан 15 тамызға дейін 100 пайыз дайын болуы керек

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында барлық әлеуметтік нысан 15 тамызға дейін 100 пайыз дайын болуы керек. Бұл туралы облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен өткен аппарат кеңесінде айтылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Кеңесте, көктемгі дала жұмыстарының бүгінгі ахуалы, жылу беру маусымына дайындық, аймақта салынып жатқан құрылыс нысандарының барысы мен өңірде жүргізіліп жатқан жол құрылысы мәселелері көтерілді. Әсіресе, өңірдегі барлық әлеуметтік нысан 15 тамызға дейін 100 пайыз дайын болуына жіті назар аударылды.

Атап айтсақ, бүгінгі күні өңірде 3 млн. 768,9 мың гектар алқапқа дән себілді. Оның ішінде 327,6 мың гектар алқапқа майлы дақылдар, 18,2 мың гектарға картоп және 4300 гектарға көкөніс егілген.

Жиын барысында өңір басшысы солтүстік аймақтарда көктемгі егіс жұмысын жеделдету қажеттігін айтып, ауыл шаруашылығы басқарма басшысы А. Қалжановқа нақты тапсырма жүктеді. Алдағы жылу беру маусымына облыс бойынша 616 қазандық, 45,3 шақырым жылу құбыры, 717,1 шақырым кәріз және су құбырын қалпына келтіру көзделген. Бүгінгі күні өңірде алдағы жылу беру маусымына дайындықты қамтамасыз ету үшін республикалық және облыстық бюджеттен 14,9 млрд. теңге бөлініп, оның 5,9 млрд. теңгесі игерілген.

Осы бағытта атқарылған жұмыстар бойынша Ақмола облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқарма басшысы А. Мартыненконың есебін тыңдаған аймақ басшысы, алдағы қыс маусымына қажетті отынды үстіміздегі жылдың тамыз айының 10-15 жұлдызына дейін 100 пайыз қамтуды тапсырды.

Сондай-ақ, облыс бойынша барлық әлеуметтік нысандарда жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары тамыздың 10-15 жұлдызында аяқталып, 100 пайыз дайын болу керектігін қадап айтты.

Кеңес барысында Атбасарда тасқыннан кейін төтенше жағдайды жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Аймақ басшысы Сергей Кулагин 5 маусымда Атбасарға барып, атқарылған жұмыстарды өз көзімен көретінін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар