Ақмола облысының әкімі​ Көкшетаудағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысының әкімі​ Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр кентінің Нұрлы көш шағын ауданында көшелерге жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, жоспар бойынша 10800 шаршы метр асфальт төсеу керек болса, бүгінгі күнге дейін оның тең жартысы орындалыпты. Аймақ басшысы барлық жөндеу жұмыстарын қазан айының алғашқы онкүндігінде аяқтауды тапсырды. Ал, ауыл тұрғындарымен кездесуінде Ермек Маржықпаев келер жылы осында 280 орындық жаңа балабақша салу жоспарланып, оның құжаттары сараптама жіберілгенін атап өтті.

Аймақ басшысы облыс орталығында білім беру нысандарының құрылыс алаңдарында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Краснояр бағытындағы жолдың бойында белгілі себептермен тоқтап қалған жаңа оқу-тәрбие кешенінің мектептің құрылысын қыркүйектің соңына дейін​ жандандыруды тапсырды. №6 орта мектебінің және №13 «ЭКОС» экологиялық мектеп-гимназиясының жанынан салынып жатқан жаңа ғимараттар мен Сарыарқа шағын ауданында қолға алынған көпқабатты 12 тұрғын үйдің қазығын қағу жұмыстарына назар аударды.

Білім ордаларының маңынан бой көтеретін нысандар 300 және 420 оқушыға арналған. Ал, Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан 12 тұрғын үйдің 8-і несиеге, 4-уі жалға берілетін үйлер. Ағымдағы жылы 2 үйді әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, 8 үйді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін пайдалануға беру жоспарланған.

Аймақ басшысы мердігерлерге құрылыс жұмыстарын кестеге сай жүргізуді тапсырды.

Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы форумы келер жылы Көкшетауда өтетіндігі белгілі. Осыған байланысты облыс орталығында «Болашақ» сарайы салынады. Қазір нысанның іргетасын құю алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал, Қопа көлінің жағасында Қылшақты өзені арқылы өтетін көпір салынып жатыр. Бұдан бөлек, аймақ басшысы кафедралды собор және өзге де құрылыс алаңдарында болды.

Соңғы жаңалықтар