Ақмола облысының әкімі Калачи ауылындағы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Красногорск кенті мен Калачи ауылындағы мектеп оқушылары тегін дәруменге бай азық-түлікпен тамақтанатын болады.

Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов мәлім етті. Қ.Айтмұхаметовтің айтуынша, жақын күндері ұйқы ауруына шалдыққан Красногорск пен Калачи елді мекендеріне Курчатов институтынан қозғалмалы зертханасы бар құрамы 11 адамнан тұратын ғалымдар келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Олар бір ай бойы осындағы ескі уран шахталары мен кен орындарын зерттемек. Сондай-ақ, уран өндірісі бойынша Степногорск қаласында сақталған мұрағаттарды ақтарып, Красногорск кен орындары жайлы толық ақпарат алатын көрінеді.

«Красногорск кенті облыстағы әлеуеті төмен елді мекендердің қатарында. Қазір мұндағы қалған халықты басқа елді мекендерге көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта аудан орталығы Есіл қаласында 74 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Ал ұйқы ауруына келсек, оны анықтау әзірге мүмкін болмай отыр. Жақын күндері мұнда ғалымдар арнайы келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Ол облыстық әкімдік тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Ал әзірге Красногорск кенті мен Калачи ауылындағы мектеп оқушылары тегін дәруменге бай азық-түлікпен тамақтанатындырып, шипажайларға жіберетін боламыз. Қалғанын зерттеу нәтижелері шығарылғаннан кейін белгілі болады», - дейді өз сөзінде өңір басшысы.

Еске сала кетсек, осыдан тура бір жыл бұрын Ақмола облысы Есіл ауданындағы Калачи ауылында тұрғындардың ұйқы ауруына шалдыққаны жөнінде алғашқы ақпарат тараған болатын. Бүгінгі күні осы ауруға шалдыққандардың саны 37 жеткен. Дәл қазір олардың қандай аурумен ауыратынын және оған не себеп болып отырғанын ашып айту мүмкін болмай отыр.

Соңғы жаңалықтар