Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев 63 тұрғынды қабылдады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде азаматтарды қабылдау күні өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындардың нақты мәселелерін шешуге арналған қабылдауға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, Көкшетау қаласының әкімдігі, құқық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер, азаматтарға арналған үкімет корпорациясы мен екінші деңгейлі банктердің басшылары қабылдады.

Билік өкілдеріне өздерін толғандыратын сауалдарын қойғысы келетін адамдар көп болды. Облыстың барлық аудандарында өткізілсе де, Көкшетау қаласындағы қоғамдық қабылдауға облыстың әр ауданынан тұрғындар келді. Тұрғындардың біразы облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа жолығып, сауалын қойды.

Өңір басшысына қойылған сауалдар әртүрлі салалардағы мәселені қамтыды. Мәселен, Аршалы ауданындағы Қостомар ауылының тұрғыны Локтер Макешев электр жарығының жоқтығын айтып келді. Оның сөзінше, осыдан 7 жыл бұрын Қостомар ауылының жанынан жер алған екен. Бүгінгі күні ол жерге үй салып, енді, не жарық жоқ, не су жоқ, не жол жоқ қиындық көріп отырған жайы бар. Маусым айында ауданға жұмыс сапарымен барған облыс басшысына жолығып, мәселені шешіп беруге көмекте сұрған. Содан бері біраз уақыт өтсе де, мәселе оң шешілмеген.

Облыс басшысы бұл мәселеден құлағдар екенін айтып, оны шешу жолдарын қарастыруды өзінің орынбасары Асқар Мұратұлы мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Иван Юрченкоға тапсырды.

Зеренді ауданы Игілік ауылының тумасы Нұрахмет Уәлиев Кенесары мен Игілік ауылы арасындағы жол мәселесімен келген. Ауыл тұрғындары өздері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін облыс орталығына әкелу кезінде жол азабын тартады екен. Аймақ басшысы бұл мәселені шешуге атсалысатын айтты.

Ал, Көкшетау қаласының тұрғыны Анар Жәкенова білім және денсаулық саласына қатысты көкейдегі сауалдарын қойды.

«Көкшетау қаласында оңалту нөлінші сыныбы бар бір ғана мектеп бар. Бұл шалғай елді мекендерде тұратын ата-аналарға біраз қиындық туғызады. Сондықтан, алдағы уақытта осындай қосымша сыныптар өзге мектептерде ашылса деген өтінішім бар», - дейді ол.

Зеренді ауданның тұрғыны Табылды Тезекбаев өңір басшысына Шағалалы өзенінің үстінен өтетін көпір құрылысы жөнінде сауал қойып, бұл бағытта республикалық бюджеттен қаржы қарастырылғанын білді. Көпір құрылысы облыс әкімінің бақылауына алынады.

Облыс әкімінің тікелей қабылдауында болғандардың көбі жер телімін алу, бір орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу, көше атауын өзгерту, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін айтып келді. Көптеген мәселелер облыс әкімінің тікелей бақылауында болады.

Жалпы, бұл күні қабылдауға облыстың әр ауданынан 200-ден астам тұрғын келді. Оның 63-і тікелей облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа жолығып, сауалын қойды.

Соңғы жаңалықтар