Ақмола облысының әкімі биылғы АӨК қызметкерлерінің кеңесін «Заречное» ЖШС базасында өткізілу себебін түсіндірді

None
None
КӨКШЕТАУ. КазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин биылғы агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің кеңесін Есіл ауданындағы «Заречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында өткізіліп отырғандығынын себебін түсіндірді.

Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің күзгі егін орағы қарсаңындағы дәстүрлі кеңесі биылда жалғасын тапты. Кеңесті ашқан облыс әкімі аграрлық аймақ саналатын облысымыз үшін аса маңызды орақ науқанын ұйымшылдықпен өткізуде елеулі рөл атқаратын осы бас қосуда түйткілді мәселелердің бүкпесіз айтылып, оны бірлесе шешу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар ол қазір науқанға дайындық жұмыстарының пысықталып, техника мен оған қажетті жанар-жағар май және астық қабылдау орындарының да дайын екендігін айтып, ендігі міндет белгіленген мерзімде науқан жұмыстарын ойдағыдай уақытылы аяқтау керектігіне назар аударды. Әрі, биылғы егін орағы жұмыстарына дайындықты пысықтау және оны ұйымшылдықпен, сапалы аяқтаудың міндеттері туралы баяндама жасады.

«Агроөнеркәсіп кешені облысымыздың экономикасының ең маңызды салаларының бірі болып табылады. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, оларды өңдеу мен тұтынушыларға жеткізу бойынша барлық шаруашылық салаларын қамтиды. Қазіргі таңдағы агроөнеркәсіп кешенінің ең басты міндеті - еліміздің, оның ішінде өңірдің халқының әл-ауқаты және азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды саналатын орақ науқанын уақытында жүргізу», -  деп атап өтті өңір басшысы.

Әкім биылғы жылы ауа райының қолайсыздығы астықтың шығуы мен пісіп-жетілуіне біраз кері әсер еткенін айта келе, диқандардың тынымсыз еңбегі мен қазіргі заманғы технологияны қолдану және көктемгі дән сіңіру жұмыстарының уақытылы жүргізілуінің арқасында гектар түсімінің де жаман болмайтынын атап өтті.

Бұл өз кезегінде азық-түлікке, тұқым және жемге деген ішкі нарықтағы сұранысты толықтай қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.

«Қай жылды алсақ та, егін орағын өткізу оңайға соқпайтынын анық. Биылғы орақты соңғы жылдардағы ең қиыны десе де болады. Көктем және жаз айларындағы ауа райының қолайсыз болуының салдарынан кейбір аудандарда дәнді дақылдардың кеш пісуі байқалады. Сондықтан орақ науқанын тиісті агротехникалық деңгейде және барынша қысқа мерзімде өткізу үшін егін ору жұмыстарының стратегиясы мен тактикасын кеңінен талқылап алғанымыз абзал», - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі биылғы агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің кеңесін «Заречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында өткізіліп отырғандығынын себебін түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, аталған серіктестік егін орағын уақытылы, ұйымшылдықпен өткізетін облыстағы егіншілік саласы өте жақсы дамыған шаруашылықтардың бірінен саналады.

«Аталған шаруашылық сияқты науқанға ұйымшылдықпен келіп, егін орағының технологиялық мәселелерін, астықты қабылдау, кептіру және сақтау жұмыстарын дер кезінде жүргізетін болсақ, ауыл шаруашылығы саласындағы ең маңызды шешуші сәтті де ойдағыдай еңсеретімізге кәміл сенемін», -деді облыс әкімі.

Кеңесті қорытындылаған Сергей Кулагин ендігі міндет жауапты да, маңызды науқанды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау екендігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар